Жетісу облысындағы жер сілкінісі: Айтып келмейтін апатқа құзырлы органдар дайын ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысындағы жер сілкінісі: Айтып келмейтін апатқа құзырлы органдар дайын ба?

15.01.2024

Өткен сенбінің кеші Жетісу облысындағы Текелі қаласының тұрғындарын біраз үрейлендіріп, әбігерге салды. Таулы аймақта зілзала тіркелді. Мамандардың айтуынша, жалпы Жетісу облысы тұтас 9 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аймаққа жатады. Айтып келмейтін апатты болжау да мүмкін емес. Жер сілкінісін кеншілер қалашығының жұртшылығы қалай қабылдады? Өңірдегі әріптесім Қуаныш Қанатұлының репортажы.

Өткен сенбіде, кешкі сағат 10-нан сегіз минут өткенде Жетісу облысында зілзала тіркелді. Ошағы Текелі қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 20 шақырым жерде болған. Қала тұрғындары 3 баллдық жер тербелісін сезінді. Қираған, бүлінген ғимарат жоқ. Алайда шаһар тұрғындарын зілзала біраз үрейлендіргені рас.

Әлемде болып жатқан зілзала апаттарынан кейін кез-келген адамда қорқыныш пен үрей пайда болады. Жер сілкініп, үйдегі шамдар теңселіп жатқанда әп-сәтте не істеп, не қоярыңды да білмей қаласың, дейді текелілік ағайын.

Мамандардың айтуынша Жетісу облысының 8 ауданы мен 2 қаласын зілзала болуы мүмкін аймақ деп бөлек қарауға болмайды. Облыс тұтас 9 балға дейін жер сілкінуі ықтимал аймаққа жатады. Табиғи апатты алдын-ала болжау да мүмкін емес. Сондықтан құзырлы органдар тек салдарын жоюға ғана дайын болуы тиіс.

Данияр Тілеуханов, облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

Жетісу облысында азаматтық қорғаныс құрылым қызметтері бар. Онда бізде формированиялар бар. Онда техникалар бар. Олардың бәрі дайындықта.

Егер төтенше жағдай бола қалған жағдайда жергілікті құтқарушыларға көрші Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстарынан әріптестер көмекке тартылады. Ал сейсмологтар биылғы жылдың жер сілкіністеріне қатысты болжамын қаңтар айының аяғында дайын болатынын айтады.


Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу