АҚШ пен Британия әуе күштері хуситтерге соққы берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ пен Британия әуе күштері хуситтерге соққы берді

12.01.2024

Таяу Шығыстағы кикілжіңнен Қызыл теңіздегі жағдай да ушығып барады. Мұдағы сауда кемелеріне қарашадан бері шабуыл жасап жатқан йемендік хуситтердің позицияларына өткен түні АҚШ пен Британия соққы берді. Соның салдарынан әлем нарығында мұнай бағасы күрт қымбаттап кеткен. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Қаңтардың 12-не қараған түні АҚШ пен Британия әскерлері Қызыл теңізде кемелерді шабуылдап жатқан хуситтердің Йемендегі позицияларына әуеден де, теңізден де соққы берді. Йемендік шиттердің әскери өкілі Яхья Саридің мәлімдеуінше, бұл операциядан бірнеше адам қаза тапқан.

Яхья Сари, хуситтердің әскери өкілі:

Израильдің Газадағы қылмыстарын қолдау аясында америкалық және британдық дұшпандарымыз Йемен Республикасына қарсы 73 рейд жүргізіп, Санада, Ходейдада, Таизда, Хаджда, Саада 5 адамды мерт қылып, қарулы күштеріміздің алты сарбазын жаралады.
Иранға арқа сүйеген хуситтер кемелерді дрондармен, зымырандармен атқылауды қараша айында бастады. Осылайша, олар палестиналықтар мен Хамасқа қолдау білдіріп жатыр. Және де хуситтер бұл шабуылдарды Израиль Газаны бомбалауды тоқтатқанша жалғастыра беретінін ескертіп отыр. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, Қызыл теңіздегі осынау қауіпті жағдай кемелердің бағытын өзгертіп, жаһандық саудаға кері әсер етіп, шикізат пен тауар бағаларын өсіріп жатыр.

Крис Пэрри, Ұлыбритания корольдік әскери-теңіз күштерінің бұрынғы офицері:

Біз үш ірі контейнерлік фирманың өз кемелерінің бағытын өзгерткенін көрдік. Мұнай мен газ да осылай тасымалданып жатыр. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұның бәрі жолды ұзартып, сақтандыру тарифтерін шарықтатып жіберді. Хуситтерді келіссөздерге мәжбүрлейміз немесе оларға соққы береміз деу керек. Өйткені бұл - халықаралық бұғаз. Сауда кемелерінің ол арқылы қауіпсіз өтуге абсолютті құқығы бар.
Соңғы мәліметке қарағанда, Қызыл теңіздегі жағдай тіпті шиеленісіп, тасымал қиындайды деген алаңдаушылыққа байланысты мұнай бағасы бірден 2 жарым пайызға қымбаттады. Оның Brent маркасының баррелі әлем биржаларындағы бүгінгі сауда сессиясында 79 доллар 25 центке сатылған.

Хабарламаларға жазылу