Ресейде ана тілін үйренем деуші қазақтардың саны артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде ана тілін үйренем деуші қазақтардың саны артты

11.01.2024

Ресейдің Омбы облысында 70 мыңнан астам қазақ тұрады. Қандастар ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды сақтауға баса мән береді. Соңғы уақытта ана тілін үйренем дегендер көбейген. Сондықтан тіл орталықтарының санын арттыру жоспарланып отыр.

Қазақтар Омбы облысында халық саны бойынша екінші орында. Жергілікті жоғары оқу орындарында бес мыңнан астам қазақстандық студент білім алып жатыр. Қандастарымыз 25 ұлттық ансамбль ашып, ұлттық өнерді ұлықтап жүр.

Бота Бакулин, Омбы облысындағы өңірлік қазақ - ұлттық мәдени автономиясының президенті:

Біз енді Омбы жерінде өзіміздің салт-дәстүрімізді, тілімізді, әдет-ғұрпымызды сақтауға көп көңіл бөлеміз. Көп шаруалар жастар арасында жүргізіледі, осыған ерекше мән береміз.

Өңірдегі қазақтар ана тілін терең үйренуге құлшыныс танытуда. Алтай өңірінде шығарылған оқулықтар Омбыға жеткізілді. Оқимын дегендердің саны күн сайын көбеюде. Бірақ қазақ тілінен сабақ беретін маман тапшы.

Асқар Раисов, қазақ тілі мен мәдениетін дамыту жөніндегі «Мирас-Наследие» қорының төрағасы:

Өзіміздің үмітіміз бар, бір жақсы орталық болса, мектеп пе, мәдениет орталығы ма. Сонда жиналып, қазақ тілін дамытатын, қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдерді жинап, осыны ұйымдастырамыз деген ойымыз бар.

Былтырдан бері мектептерде қазақ тілі міндетті пән ретінде оқытылады, аудандарда да бұл үрдіс жалғасын табады. Ал жергілікті қазақтар ұлттық орталықтардың жұмысын әрі қарай жандандырмақ.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу