Ресейде Орта Орал халықтарының күні өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде Орта Орал халықтарының күні өтті

04.09.2023

Ресейде Орта Орал халықтарының күні өтті. 15 мыңнан астам адам қатысқан шарада қазақ орталығы да ашылды. Өңірде тұратын қандастарымыз белсенділік танытып, қонақтарды салт-дәстүрмен таныстырды.

Свердлов облысындағы қазақтарды «Еуразия-Қазақстан» өңірлік қоғамдық ұйымы біріктірген. Онда қандастарымыз ана тілін үйреніп, ұлттық өнерге ерекше мән береді. Өңірдегі жастар да белсенді.

Жанела Қамбарбекова, студент:

Қазақ диаспорасының жастары өзіміз ұйым құрдық. Жиі кездесіп, ұлттық мерекелерді бірге өткіземіз. Қазақ биін үйреніп, шетелде насихаттап жүрміз. Біздің ұлттық өнерімізге мұнда қызығушылық жоғары.

Жалпы Свердлов облысында 160-тан астам ұлт өкілі тұрады. Қазақтардың саны мұнда көп болмағанымен, барлық шаралардан қалыс қалмайды. Ұлттық ансамбль құрылған.

Ольга Калинина, қала тұрғыны:

Қазақтар өте қонақжай халық. Екатеринбург қаласында тұратын қазақтармен тығыз араласамыз. Өздерінің мәдениетін, дәстүрін сақтап қалу, насихаттау мақсатында түрлі шаралар өткізеді. Біз құрметпен қараймыз.

Қиырдағы қандастарымыз ана тілін үйренуге ерекше мән бермек. Алдағы уақытта қазақ тілін орта мектептерде үйретіп, оқулықтармен қамтылса дейді.


Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу