Жетісу облысында 1400 гектар алқапта жатқан жүгері орылмай қар мен жаңбыр астында қалса, 100 мың тонна дала аруы қамбада шіруге айналды. Басты себеп - жүгері бағасыныңі былтырғыға қарағанда 3 есе төмендеп кетуі. Бағаның бұлай құлдырауына көрші елден жеткізліп жатқан арзан өнімі түрткі. Өңірдегі шаруалардың жағдайын тілшіміз Қуаныш Қанатұлы тыңдап қайтты
Қуаныш Қанатұлы тілші:
Жаңа жылдың алғашқы айының бірінші аптасы аяқталды. Ал Көксу ауданында 23 гектар алқап әлі орылмай жатыр. Басты себеп бағаның төмендігі. Шаруа жұмысшылар мен жанармайға кеткен шығын өз-өзін ақтамайды деп отыр. Ал кейбір шаруалар өнімін өткізе алмай әлек.
Аймақта жүгері оратын мезгіл қазан айында басталу керек болған. Қожалық жетекшісінің айтуынша ол кезде дақылдың ылғалдығы тым жоғары еді. Әмбе ауа-райының қолайсыздығы да өнімді дер кезінде жинап алуға кедергі келтірген. Ал қазір амалдың жоқтығынан техника кіргізіп жинап алуға кірісті.
Асқар Өмірбеков, шаруа қожалығының жетекшісі:
Былтыр 130-120 теңге болатын. Осы поляның басынан 113 теңгеден алған былтыр. Биыл ондай баға жоқ. Кептіретін жер жоқ. Өткізетін жер жоқ. Сондықтан да біз қиналып жатырмыз да кішкене.
Өңірде өнімін өткізе алмаған бір шаруа дақылды ауыл тұрғындарына тегін тарата бастады. Ал кей шаруаның жүгерісі қамбасында қызып, шіри бастаған.
Мәселе енді ғана шешілгендей болды. Бір кәсіпорын жүгеріні 55 теңгеден қабылдауға дайын. Ол үшін шаруа тағы бір кәсіпорынға барып, жүгеріні ылғалдығы 14 пайызға дейін жеткізіп кептіріп алуы тиіс.
Саят Қожағапанов, серіктестік директорының орынбасары:
Кептіріп береміз 14 пайызға дейін ылғалдылық. Крестьяндар Іргетас деген компанияға арықарай өздері өткізеді.
Былтыр жүгері бағасы шарықтағанда шаруалар жаппай осы дақылға көшіп биыл облыс бойынша 57 мың гектарға дала аруы себілді. 400 мың тоннаға жуық рекордты өнім жиналды. Дақылды өткізуге келгенде баға төмендеп кетті. Ел нарығына Ресейден арзан жүгері кірді.
Нұрдәулет Кененбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Экспортқа шығарып жүрген мемлекеттер көрші мемлекеттен арзанға өзіне қажетті өнімдерін алып алды. Бұл нарық. Нарық болғаннан кейін оны қабылдау сатып алу бағасы нарыққа байланысты болып жатыр.
Айта кету керек, көрші Алматы облысының шаруаларында да дәл осындай жағдай. Өңірде 33 мың тоннаға жуық жүгері далада қалып отыр.
Қуаныш Қанатұлы
