Ұлттық қор – балаларға: құжат тіркеудің тетігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қор – балаларға: құжат тіркеудің тетігі

08.01.2024

Балаларының құжаттарын электронды тіркеген ата-аналар енді деректерін таппай әлекке түсіп жатыр. Себебі, егов мобайл қосымшасында бұған дейін бала жайлы болған ақпараттардың барлығы үшты-күйлі жоғалып кеткен. Тіпті, бастапқыда барлық дерек сақталған «Отбасы» деген бөліктің өзі жоқ. Енді ата-аналар осының салдарынан Ұлттық қордан балаларына қаражат дұрыс түспей қала ма деп алаңдап отыр.

Міне, осы сұрақ көптеген ата-ананы мазалап отыр. Еговқа балаларының құжаттарын өз қолымен тіркеп, артынша іздеп таба алмай қалғандардың бірі - Батба Қалдыбекова. Петропавлдық тұрғынның алты баласына Ұлттық қордан қаражат түсуі тиіс.

Батба Қалдыбекова, Петропавл қаласының тұрғыны:

Ақпан айында төлем жасалады деп жатыр ғой. Енді сол төлемдер дұрыс түседі ме, түспейді ме? Біз сол жағына алаңдаулымыз.

Ұлттық қор өкілдері "алаңдауға негіз жоқ", - дейді. Баланың қаражаты биыл түспесе, келер жылы жинақталып салынатынын жеткізді.

Айбол Арғынғазинов, ҚР Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры:

Кейбір азаматтар уақтылы куәлігін алмауы мүмкін. Немесе қосарланған жеке сәйкестендіру номері болуы мүмкін. Түрлі өмірлік жағдайлар болуы мүмкін ғой. Сол себепті, егер қандай да бір жағдаймен биыл қаражатын ала алмаса, ол қаражатты келесі жылы алады. Ол үшін осы бағдарламаның операторы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жүгінсе жеткілікті. 

Ал егов порталында, егов мобайл қосымшасында балалардың деректері жиналған «Отбасы» бөлігінің жоқ болып кету себебін жауапты мамандар былай түсіндірді.

Арманай Мирасқызы, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Қоғаммен байланыс басқармасының жетекші маманы:

Қазіргі таңда егов кз порталында, егов мобайл қосымшасында отбасы бөлімін қолданушылардың қолайлығы үшін алып тастадық. Барлық ақпаратты балалар жайлы цифрлық құжаттар бөлімінен егов мобайл қосымшасынан тексеру қажет.

Самал Қабышева, тілші:

Бұған дейін егов мобайл қосымшасында балалардың электронды құжатын тексеру үшін, егов мобайл қосымшасына кіретінбіз. Мына жерде отбасы деген бөлік болатын. Бірақ бұл жерден отбасы бөлігі алынып тасталды. Ол басты беттегі цифрлық құжаттамалар деген бөлікке орналастырылды. Міне, осы жерде Отбасы бөлігін бассаңыз, балаңыз жайлы толық ақпарат шығады. Баланы қосу керек болса, қосу деген батырманы басасыз. Ал, балаңыз жайлы ақпарат қате берілген болса, міне жоғарғы жағында үш түймеше тұр. Осыны басып, қате ақпарат берілгендігі жөнінде хабарлайсыз.

Ал халық күткен «Ұлттық қорда – балаларға» қаражаты 1 ақпаннан бастап аударылады деп жоспарланған. Ал төлем жыл сайын бір рет, жылдың басында жүргізіледі. Қаржы 18 жасқа дейін және 18-ге биыл толатын балалардың барлығының есеп-шотына түседі.


Хабарламаларға жазылу