Салық заңнамасына өзгеріс енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Салық заңнамасына өзгеріс енгізілді

03.01.2024

Салық заңнамасына өзгеріс енгізілді. Жаңа жылдан бастап салықты аз төлеуге құқылы кәсіп түрі артты. Сонымен бірге, жалпыға бірдей декларация тапсырудың үшінші кезеңі басталды. Бұл жолы жеке табысы туралы деректі кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ұсынуы тиіс. Салық заңнамасында тағы қандай өзгерістер бар? Кәсіпкерлер нені білуі керек? Айя Мүтәлі анықтап көрді.

Осы айдан бастап бизнес иелеріне қолжетімді салық түрлерінің тізімі екі есе кеңейді. (( КЕСТЕ )) Бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлер үшін бұған дейін 190 тиімді қызмет түрі ұсынылса, қазір оның саны 364-ге жеткен. Төмендетілген салықты жылдық табысы 2,1 млрд теңгеден аз, әрі жұмысшылар саны 200 адамнан аспайтын кәсіпкерлер пайдалана алады.

Әлия Ибраева, ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы:

Бөлшек сауда салықтық режиміне өткісі келетін кәсіпкер қосымша құн салығын төлемейді. Ал салық мөлшері 4 %-ға дейін. Кей өңірлерде 2 %-ға төмен. Біздің есебіміз бойынша, бұдан мемлекет бюджетіне түсетін салық түсімі азаймайды.

Қазір Парламентте жаңа Салық кодексі талқыланып жатыр. Құжат күшіне енсе, 2025 жылдан бастап қосымша құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға өсуі мүмкін. Дегенмен, бұл өзгеріске қатысты сарапшылардың пікірі екіұдай.

Батырбек Әубәкіров, Қазақстан қаптаушылар қауымдастығының президенті:

Біздің кәсіпорындар кәмпит, шоколад секілді кондитерлік өнімдерді орайтын қорап шығарумен айналысады. Біздің тауарлар қымбатқа түскен соң, нарықта онсыз да сұраныс азайды. НДС 4 пайызға өссе, біздің компаниялардың жағдайы одан сайын нашарлайды. Көбісі жабылып қалуы мүмкін. Сондықтан, биліктегілерге өз наразылығымызды білдіріп жатырмыз. Бір ымыраға келеміз деген ойдамын.

Ал Экономика министрлігі елімізде қосымша құн салығы 4 пайызға өссе де азық-түлік қымбаттамайды дейді. Себебі, дүкендер мен базардағы саудагерлер қосымша құн салығын онсыз да төлемейді.

Бұдан бөлек, биылдан бастап кәсіпкерлер ай сайынғы он пайыздық жарнадан бөлек жұмысшыларына қосымша зейнетақы аударуы тиіс. Төлем 1,5 пайыздан басталып, 5 пайызға дейін өсіп отырады. Ал зейнетақы қорына аударылатын сома ең төменгі жалақы мөлшерімен есептеліп, 50 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл салымшылардың зейнетақы табысын арттыруға септігін тигізеді дейді.


Хабарламаларға жазылу