«Тілектер шыршасы»: Мемлекет басшысы бүлдіршіндердің хатына жауап берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тілектер шыршасы»: Мемлекет басшысы бүлдіршіндердің хатына жауап берді

29.12.2023

Жаңа жыл қарсаңында дәстүр бойынша еліміздің барлық аймағында «Тілектер шыршасы» орнатылып, балалар сол жерге өз арман-тілектерін жазып қалдырған болатын. Бүлдіршіндердің хатына Мемлекет басшысы жауап берді. Президент балалардың тілегін орындап, өз атынан арнайы сыйлықтар жолдады. Биыл барлығы 100-ден астам хат келген.

Ақтаулық Бекарыс Болатбай атақты футболшы болуды армандайды. Арнайы мектепте 4-сыныпта оқитын оқушы қазірден жаттығып жүр. Бірақ, доп, аяқ киім секілді ең негізгі қажеттіліктерді алуға жалғызбасты анасының шамасы жетпеген. Отбасында Бекарыстан бөлек тағы екі бала бар. Сондықтан жеткіншек хатында спорттық аяқ киім мен былғары доп сұраған. Президент баланың қалауын орындап, сыйлықтарды облыс әкімі арқылы жеткізді.

Динара Қожанова, қала тұрғыны:

Балам спорт үйірмесіне қатысатын еді. Доп-доп деп өзі, сол арманына допты жазған екен. Сол аяқ астынан хатымыз Президентке жетіп, Баламның қуанышында шек жоқ. Арманын орындап жатқан басшыларға рахмет.

Қызылордалық 14 жасар Нұрдәулет денсаулығына байланысты ерекше күтімді қажет етеді. Ол жаңа жыл қарсаңында Президентке хат жазып, тілегін жеткізген. Жасөспірімнің арманы орындалып, мемлекет басшысының сыйлығын қала әкімі әкеліп табыстады. Ал «Атамекен» балалар үйінің тәрбиеленушісі Роман Дмитриев Мемлекет басшысына өзінің жетістіктерімен қоса, жылы лебізін жазған. Ол да Президенттен сыйлық алды.

Роман Дмитриев, «Атамекен» балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Бүгін мен өте қуаныштымын. Көріп тұрғандарыңыздай сыйлығым келді. Барлығын жаңа жылмен құттықтаймын. Армандар орындалатынына сенемін.

Павлодарлық оқушы Әмір Багаутдиновтің де тілегі орындалды. Оған да Президенттің жаңа жылдық құттықтау хаты мен арнайы сыйлығы табысталды. Жеткіншек арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі. Қазір 6-сыныпта оқиды.

Әмір Багаутдинов, оқушы:

Мен Президентімізге хат жаздым. Себебі ол мейірімді, жақсы адам. Және көп тіл біледі. Естуімше, ол өте балажан. Барлығы аяз атаға хат жазып жатқанда, мен Мемлекет басшысына жазуды жөн көрдім.

Ақмолалық оқушылар да жаңа жыл мерекесі қарсаныңда қуанышқа кенелді. Аймақта 5 балаға Президенттің сыйлығы мен құттықтау хаттары табысталды. Биыл Мемлекет басшысының атына ел бойынша 100-ден астам хат жазылған. Оның ішінде көпбалалы отбасынан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі және жетім балалар бар.


Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу