Алматыда қамқор жандардың көмегімен 30 баланың тілегі орындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қамқор жандардың көмегімен 30 баланың тілегі орындалды

26.12.2018

Тілек арқалаған жаңажылдық шырша. Алматыда қамқор жандардың көмегімен 30 баланың тілегі орындалды. Кішкентайлардың арманы жазылған хаттар бойынша сыйлықтар үлестірілді. Олар көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары.

«Тілектер шыршасы» шарасына көпбалалы отбасылардың балалары шақырылды. Барлығы - 30 бүлдіршін. Ең кішісінің жасы 2-де. Үш күндік игі іске Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары мұрындық болды. Олар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды аралап, Жаңа жылға орай бала арманындағы сыйлықтардың тізімін жинаған. Түрлі-түсті қағаз бетіне түскен армандар, тәтті тілектер. Бұл балалардың көптен асыға күткен сәті. Кішкентайларды Аяз Ата мен Ақшақар Жаңа жылымен құттықтады.

Бүлдіршіндердің қуанышын бөлісуге кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, танымал актер Фархат Әбдірайымов және әнші Роман Майғазиев пен қоғамдық ұйымның өкілдері келіп, балаларға сыйлықтарды табыстады. «Балдырғандарға қуаныш сыйлау мүмкіндігін жібергім келмейді. Әр тілекхатты мұқият оқыдым», - дейді кәсіпқой боксшы.

Қанат Ислам, кәсіпқой боксшы:

- Біз оларға біржақындау көрінсек, бір жылылық сыйласақ, болашақта демеу, қолдау болар деп ойлаймын өзім. Өзім балаларды жақсы көремін.

Трансформер көлік, шана, коньки, сөмке, қуыршақ тағысын тағылар. Тізе берсек балалардың қиялындағы сыйлық көп. Қайырымды жандар ешкімнің өтінішін ескерусіз қалдырған жоқ. Мәселен, Сәния Омарқұлова - көпбалалы ана. «Тілек шыршасына» ертіп келген балалары шат-шадыман.

Сәния Омарқұлова, көпбалалы ана:

- Өздері тілектерін жазды. Шана сұрады, сөмке сұрады. Сол армандары орындалып жатыр. Көп-көп рахмет.

Бір қызығы, тілек жазғандардың дені Аяз Атадан коньки сұраған. Себебі, олар қайғылы жағдайда қазақ тапқан, ел мақтанышы болған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен сынды әлемге танымал спортшы болғысы келетіндігін жазған.

Бүлдіршіндердің бірі коньки мен шаңғысын көріп қуанса, екіншілері бұрын тек теледидардан көрген роботтың биіне мәз. Қайырымдылық шарасы әлі 3 күн жалғасады. Кез келген адам «Тілек шыршасына» жазылған әр баланың арманын орындай алады.

Әсем ҚАБЫЛБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу