Биыл Қазақстан көлік дәліздерін дамытуға барынша күш салды
2023 жылда Қазақстан көлік дәліздерін дамытуға барынша күш салды. Еуразия кіндігінде орналасқан біздің ел үшін бұл пайдасы мол сала. Санкт-Петерборда өткен басқосуда да Президент осы мәселеге тағы да назар аударып, көрші елдерді бірлесе әрекет етуге шақырды. Мемлекет басшысының биылғы халықаралық сапарлары Ресейдің солтүстік астанасында түйінделді. Екі күндік маңызды келіссөздер жайлы Шерхан Жамбылұлының материалы.
Бұл күндері Санкт-Петерборда жаңа жылдық көңіл-күй. Желтоқсанның аяғында ТМД презиенттерінің бас қосуы дәстүрге айналғандай. Әуелі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің басшылары ортақ мәселелерді талқыға салды. Далада температура минус болғанымен кездесулер жылы шырайда.
Одақ алып нарық. 186 млн тұтынушы бар. Былтыр Қазақстанның ұйым елдерімен алыс-берісі 28 млрд доллардан асты. Келер жылы ұйымға 10 жыл. Сондықтан да өткенді саралап, алдағы мақсат-мүддені айқындаған жөн.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан әуел бастан Одақтың экономикалық сипатын айқындайтын қағидатты берік ұстанды. Ұйымға мүше мемлекеттер өз істері мен шешімдерінде дәл осы күн тәртібінен ауытқымауға тиіс деп санаймыз.
Армения премьері де осы ұстанымда.
Никол Пашинян Армения Премьер-министрі:
Еуразиялық экономикалық одақ - ең алдымен экономикалық ұйым. Ол саяси және геосаяси бағытты қарастырмауы тиіс. Біз ұйымды экономикалық тұрғыдан қарастырамыз.
Никол Пашинянның бұл жиынға келу-келмеуі белгісіз еді. Ол бір ай бұрын Минсктегі Ұжымдық қауіпсіздік саммитіне бармаған. Алайда Армения экономикасы үшін Еуразиялық одақтың маңызы үлкен. Оның үстіне келер жылы төрағалық Ереванға өтеді. Ал тамағы қарлығып тұрса да Александр Лукашенко жиыннан қалған жоқ.
Экономикалық одақ елдер күллі Еуразия кеңістігін байланыстыратын стратегиялық маңызды аймақ. Сондықтан да көлік-транзит әлеуетін дамыту маңызды. Мәселен Иран мен Парсы шығанағына және Үндістанға шығуға мүмкіндік беретін Солтүстік – Оңтүстік транзит дәлізі, Батыс Еуропа – Батыс Қытай және Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуеті зор. Қазақстан ішкі жолдарын дамытып, алыс-берісті арттыруға үлес қосуға әзір.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Қытайдың Сиань қаласында және Грузияның Поти портында қазақстандық терминалдардың құрылысын аяқтауға жақындадық. Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекарада және Каспий теңізінде 5 трансшекаралық көлік-логистикалық хабын іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Одақ елдері Иранмен еркін сауда жасауға уағдаласты. Яғни, тауардың 90 пайызына кедендік алым салынбайды. Бұл қазақстандық өнімдердің де парсы нарығына шығуына қолайлы жағдай жасайды. Әсіресе бидай экспортына тиімді. Иран – 85 млн халқы бар ірі нарық. Былтыр біздің елдер арасындағы алыс беріс 521 млн доллардан асқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Иранмен Еркін сауда туралы толық форматты келісімге қол қоюды құптаймыз. Бұл ел біздің сауда-экономикалық байланысымызда маңызды рөл атқарады. Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Индонезия, Моңғолия және басқа да мүдделі елдермен осы бағыттағы мақсатты жұмысты жалғастырған жөн.
Президент жиында түйіткілді мәселелерді қозғап, шешу жолдарын ұсынды. Тауарлардың еркін қозғалысына тың серпін беру қажет. Ол үшін бірыңғай техникалық регламенттер керек. Ал, технологиялық кооперацияны экономиканың нақты секторында дамыту – басты міндеттердің бірі. Сарапшылар пікірінше бұл бастама шикізат тәуелділігінен арылуға көмектеседі.
Дмитрий Солонников Саясаттанушы:
Бізде ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау жоқ. Экономикаларымыз бірдей. Шикізат сатып, жоғары технологиялық және өндірістік тауарларды сатып аламыз. Өнеркәсіпті күшейту қажет. Әр ел белгілі бір салаға бейімделсе онда ол бәріне де тиімді болады.
Ал Еуразиялық экономикалық одақ алқасының төрағасы қызметіне Қазақстан өкілі, бұрынғы үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев сайланды.
Владимир Путин Ресей Федерациясының Президенті:
2024 жылдың бірінші ақпанына бастап Алқа төрағасы қызметіне Бақытжан Сағынтаев кіріседі. Біз оны жақсы білеміз. Еуразиялық экономикалық комиссия құрамында жұмыс істеді. Бұл қызметке бірден белсенді түрде кірісіп кететініне сенімдіміз.
Ал кеше Петерборда ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуі өтті. Галстуксыз басқосуда Қасым-Жомарт Тоқаев өзге әріптестерімен ұйым қызметінің басым бағыттарын, ынтымақты нығайту әрі дамыту жоспарын талқылады. Сондай-ақ ТМД аясындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Осы сапар аясында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Ол тең әрі тиімді байланыс орнатып, кедергісіз сауда-саттық жасауға бағытталған. Осылайша 2023 жылдың басында Абу-Дабидан басталған Президенттің халықаралық сапарлары Санкт-Петерборда түйінделді.
Ш.Жамбылұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
