Келмеске кеткендер: биыл өмірден озған қазақтың біртуар тұлғалары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келмеске кеткендер: биыл өмірден озған қазақтың біртуар тұлғалары

28.12.2023

Cанаулы күндерден кейін 2023-інші жыл тарих қойнауына енеді. Бұл жылдың тұтас ел үшін де, әр адам үшін де жақсы да, жаман тұстары болғаны анық. Өмірде қуаныш пен қайғы қос өрімдей қатар жүрмей ме?! Өкінішке қарай, биыл да қаралы хабар аз болмады. Әр түрлі салада өз ісінің асқан шебері болып, тұтас елдің дамына үлесін қосқан тұлғалардан айырылдық.

Бостандық жырының бозжорғасы. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы 74 жасында өмірден өтті. «Дариға-дәурен» деп жырлаған поэзия пырағымен бірге дәуренінде дүрілдеген дәуір де көшті.

Ән әлемінде де нота мұңға малынған кез бар. Сахнада да, өмірде де жайдары күйде жүретін Ақжол Мейірбеков ақтық жолына аттанды. Талай толқынды әнімен тербеткен «Дос-Мұқасан» ансамблінінен тағы бір қоңыр үн үзілді.

Саясат сахнасында да сыз бар. 71 жасында мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев соңғы сапарға аттанды. Уағында 5 облысты басқарған тұлға мемлекеттің ішкі мәселесін бес саусағындай білетін. Қайраткер мемлекеттік қызметтегі үлкен мектепті қалыптастырып кетті.

Тәуілсіз Қазақстанның алғашқы премьер-министрі Сергей терещенко 72 жасында бақилық болды. Мемлекеттің қалыптасу жолында қайраткердің ізі қалғаны анық.

Өнер адамы – елдің жақыны. Сондықтан, сахнада жүрген таланттан көз жазып қалсақ, тұтас елдің қабырғасы қайысады. Сондай қаралы күннің бірінде белгілі актер Асқар Наймантаев та дүние салды. Ол өнерге деген адалдығы мен қажырлығының арқасында бірнеше театр ашқан қайраткер.

Қазақта жүзі жылы деген сөз бар. Арман Дүйсенов сол сөздің мағынасын ашып тұратындай еді. Қашан да сахнада күлімдеп жүретін сазгер әрі дарынды әнші 48 жасында мезгілсіз өмірден өтті.

«Дархан Жүз» деген атпен танымал белгілі әнші Дархан Жүнісбеков 33-ке қараған шағында Тайландта жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмды. Заманға сай ән шырқаған, жастардың жұлдызына айналған Дарханның дара жолы үзілді.

Қазақтың қайсар қызы – Мәлика Мұхтарова да бақилық болды. Ол талай халықараралық жарыста ел намысын қорқаған параспортшы, театр актері. Тағдырдың сынағына сынбай, өмірді шын сүйген күрескер арбадан тұрып кетіп барады.

«Өткінші мынау өмірде, өтпелі бәрі өтпелі». Бірақ, із қалады...

Хабарламаларға жазылу