Алматыдағы аялдамада тұрған бір топ адамды қағып кеткен автобус оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Айта кетейік, үш адамның өліміне әкеп соқтырған жол апатына жолаушының жол ақысын төлемеуі себеп болған. Ол жүргізушімен жанжалдасып, бірнеше рет ұрған. Салдарынан жүргізуші есінен танып, басқарусыз қалған қоғамдық көлік жолда такси тоқтатып тұрған және аялдамада автобус күткен бір топ адамды қағып, 4 бірдей көлікке соғылған. Апаттан 3 адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы төртеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Жарақат алғандардың арасында 15 жастағы бала бар. Жүргізушіге қол жұмсаған адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды.
Автобус жүргізушісі:
Көпірдің үстінде кетіп бара жатқанда есікті ашуымды талап етті. Аялдамасын өткізіп алыпты. Мен келесіде шығасың, деп жүруді жалғастырдым. Екі рет ұрды. Содан есімнен танып қалдым.
Нұрсұлтан Тілектес