Инвестиция өсіп, инфляция түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Инвестиция өсіп, инфляция түсті

24.12.2023

Биылғы жыл Қазақстан үшін қиын басталған. Өйткені, былтыр желтоқсанда жылдық инфляция 20 пайыздан асып тұрды. Одан бөлек,Ресейге салынған санкциялар салдарынан тауарлар қымбаттады. Өйткені, РесейҚазақстанға азық-түлік жеткізуші негізгі елдердің бірі. Бірақ, саяси жағдай екінші жағынан біздің экономикаға оң әсер етті,-дейді сарапшы.

Бауыржан Ысқақов: экономист,

Біздің экспорттайтын өнімдерімізді мына көршілес Ресейде экспорттайтын. Яғни, біздегі саяси тұрақтылықтың болуы, инвестициялық ахуалдың тиімді болуының өзі мынау басқа әлемнің дамыған мемлекеттеріне осы Ресейден гөрі Қазақстанды алдыға қоюын, яғни біз сол бір мүмкіндікті тиімді пайдалана алдық.

Яғни,отандық кәсіпкерлердіңәлемдегі ірі инвесторлармен жұмыс істеу мүмкіндігі артқан. Соның нәтижесінде, соңғы 6 айда 13,3 млрд доллар шет елдік қаржы тартылған.IMD бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 6 саты көтеріліп, 64 елдің ішінде 37-ші орынға тұрақтаған.Жедел және орта мерзімді 90 қадамды қамтитын шаралар нәтижесінде экономиканың биылғы өсімі - 4,9 пайыз болып отыр.

Әлихан Смайылов: ҚР Премьер-министрі,

Экономиканың барлық секторлары оң өсу динамикасын көрсетіп отыр. Минералды өнімдер өндірісі 4 проценттен асты, пластмасс бұйымдары 5 процентке,тамақ өнімдерін шығаруда 2 процентке жуық өсім қалыптасты.

Қазақстан экономикасының шамамен 5 пайызға өсуі соңғы 10 жылда болмаған жағдай. Бұл көрсеткіш ертеңге үміт сыйлайды. Бірақ, кейбір экономисттер қуануға әлі ерте деген пікірде.

Айман Тұрсынхан: экономист,

Бізде экономиканың өсімі теңгемен есептеледі. Әрине, соңғы уақытта теңге нығайды. Бірақ, бұл Ұлттық банктің валютаны сату саясаты арқылы жүзеге асып отыр. Сондықтан, теңгемен 5 пайызға өсті деп шаттануға негіз жоқ. Өйткені, доллармен есептесекөзгеріс жоқ. Сырттан келетін тауарлар әлі қымбаттап жатыр.

Бауыржан Ысқақов: экономист,

Былтырғы жылы бүкіләлемдік банк қауымдастығының немесе мынау блумберг деген арнайы агенттік бар. Олардың осы Орта Азия мемлекеттері оның ішінде Қазақстанға жасаған болжамы жалпы экономикалық өсімнің 1,7-2 пайыздан аспайтынын көрсеткен. Мынау 4,7 пайыз деген негізінен мұның алдында тұрған біздің экспортқа тауарларды көп шығаруымызбен тікелей байланысты. Бірақ та бұл ұзақ мерзімді болмауы керек. Біздегі бюджеттің кіріс бөлігінің 60 пайызы мұнайдан түсетін табыстардан қаражаттан қалыптасады. Мұны жаңағы нақты бір экономиканың дамуына тікелей әсер беретін деп айтуға әлі ерте.

Геосаяси жағдайға сәтті бейімделген Қазақстанның экспорттық әлеуеті де артқан. Сыртқы елдерге биыл 65 млрд долларға өнім сатылған.

Әлібек Қуантыров: ҚР Ұлттық экономика министрі,

Тауарлар импорты 49 млрд-тан астам долларды құрады. Жалпы оң сауда балансы 15 млрд доллардан асты.

Бірақ, экономистер әлемдегі соңғы жағдайларға байланысты АҚШ, Қытай және Еуропа елдерінің экономикалық өсімі нашарлаған,-дейді. Мысалы, биыл Қытайдың іскерлік белсенділігі күткен межеге жептеген. Мұндайжағдайда мұнай мен газға және шикізатқа сұраныс азаюы мүмкін. Ал, мұнай бағасы төмендесе Қазақстанға тиімсіз.

Айман Тұрсынхан: экономист,

Қазақстан экономикасы былай да экспорттан пайда тауып отыр деуге келмейді. Өйткені, біз тек шикізат сатамыз. Одан жасалған өнімді бірнеше есе қымбатқа қайта аламыз. Егер мұнай арзандаса алдағы жылға үміт те азаяды. Одан бөлек, мұнайды сыртқа тасымалдау да қазір қымбатқа түсіп жатыр. Оның себебін білесіздер.

Қазақстан сыртқа дайын өнім көп сатпайды. Дегенмен, биыл өңделген тауарлар экспорты 21 млрд долларға жеткен.Сондай-ақ, жалпы құны 960 млрд теңге болатын 210 инвестициялық жоба іске қосылған.19мың жұмыс орны ашылған.

Айбар Олжаев, экономист:

Алдағы 2-3 жылда экспорттың құрамындағы тең жартысын дайын қолдан жасалған тауарлармен толтыру керек болады. Қазір 30 пайызы шамамен 3-тен бірі болып отырмыз.

Шикізатқа сүйенгесін бағада да тұрақсыздық басым. Бірақ, Үкімет есебі бойынша биыл жыл басынан бері инфляция тұрақты түрде төмендеп келеді. Дегенмен, кей экономис оған күмәнмен қарайды.

Айман Тұрсынхан: экономист,

Бізде инфляцияны есептегенде халықтың тұтынушылық қабілеті ескерілмейді. Мысалы, тауар бағасы халықтың табысына қарағанда тез өсіп жатыр. Тіпті, коммуналдық төлемдер тарифі де қымбаттады. Бірақ, ол да саналмайды. Сондықтан, инфляцияны есептеу жүйесін қарастырып, жетілдіру керек.

Айбар Олжаев, экономист:

Инфляция негізі 2 түрі бар. Біріншісі сезілетін деп аталады. Ол күнделікті тауарлар қаншалықты қымбаттады, адамға сезіледі. Ресми инфляциядан үнемі жоғары болады. Мысалы, ресми инфляция 10 пайыз болса, сезілетіні 18 пайыз болуы мүмкін.

Сонда былтыр инфляцияның шынайы көлемі 40 пайыз болғаны ма?Қалай десекте, Қазақстан биылғы жылды еңсерді. Ендігі қадам қандай болмақ? Себебі, президент Үкімет алдына экономика көлемін 2030 жылға дейін 2 есе арттырып, 450 млрд долларға жеткізу міндетін қойған. Ол үшін жыл сайынғы өсім кем дегенде 6 пайыз болуы тиіс. Ол мүмкін бе?

Айбар Олжаев, экономист:

Келесі жылы біз егер инфляцияны 10 пайыз деңгейінде және одан төмен ұстай алсақ, онда біз базалық ставканы түсіру арқылы кредиттеуге жол ашамыз. Кредиттер арзандайды. Ол кезде біздің экономикамыз биылғы 4,9-дан 6 өсімге жетуіміз мүмкін.

Айман Тұрсынхан: экономист,

Біздегі кәсіпкерлердің несиелік жүктемесі көп. Мысалы, Ұлттық банктің базалық ставкасы - 15,75 пайыз. Оған 12 пайыз қосымша құн салығы қосылады. Сонда тауар құны автоматты түрде 28 пайызға өсіп тұр. Енді қосымша құн салығы тағы 4 пайызға өссе, тауар тағы қымбаттайды. Бұл салық ортадағы бүкіл делдалға әсер ететінін ескерсек, баға 25-30 пайызға өсуі мүмкін. Егер табысты да солай өсірмесек, жағдай қиындай береді.

Жаңа жылдан бастап шағын және орта бизнесті тексеруге салынған мораторий аяқталады. Бұл кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіріп, салдарынан өнім қымбаттауы мүмкін,-дейді экономист. Дегенмен, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мораторий біте сала жаппай тексеру басталмайтынын айтқан. Керісінше, негізсіз деп танылған 10 мыңдай талапжойылған.

Амангелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу