Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75 %-ға төмендетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75 %-ға төмендетті

24.11.2023

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75 %-ға төмендетті. Мұндай шешімді қабылдаудағы мақсат – қазақстандықтардың күнделікті тапқан табысы мен жинаған ақшасын құнсызданудан қорғау. Сонымен қатар, Ұлттық банк басшысы назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер әлі де бар деп санайды.

Елімізде жылдық инфляция сегізінші ай қатарынан төмендеп келеді. Ақпан айында 20 пайызға жеткен инфляция қазір 10,8 пайызға дейін түсті. Дегенмен, проинфляциялық қысым әлі сақталып отыр дейді Ұлттық банк төрағасы. Сол үшін баға өсімі мен валютаға әсер ететін факторларды ескере отырып, ақша-кредит саясатын қатаң ұстап тұруға ниетті.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:

Біздің шешіміміз инфляция мен экономиканың өсімінің жаңарған болжамдарының, сондай-ақ нақты деректер мен талдау нәтижелері мен тәуекелдер балансын ескереді. Ставка бойынша алдыңғы қабылданған шешімдер, Үкімет пен әкімдер қабылдаған шаралар, сондай-ақ, базаның әсерінен инфляцияның баяулау қарқынын байқап отырмыз.

Яғни, ақша-кредит саясаты өз нәтижесін бере бастады. Баға бұрынғыдай тез өсіп жатқан жоқ. Демек, алдағы айларда инфляцияның қос таңбалы көрсеткіші бір таңбалы мәнге өзгереді деп күтіледі. Ұлттық банк инфляция келесі жылы 7,5 пайызға, ал 2025 жылға қарай 5,5 пайызға азаяды деп болжап отыр.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

Айлық инфляция 5 жылдық орташа деңгейге дейін төмендеді. Біз алдағы айларда жылдық инфляцияны 10% төмен болады деп санаймыз. Бұл жақсы жаңалық. Біз инфляцияны шамамен 5процент деңгейге дейін түсіріп, оны ұстап тұру үшін бар күшімізді саламыз.

Тимур Сүлейменов Қазақстанға сырттан келетін инфляцияның бәсеңдеу үрдісі жалғасып келеді дейді. Бұның бәрі Ұлттық банктің болжамына толық сәйкес келеді дейді. Ал алдағы екі жылдағы мұнай өндірісінің үлесі бұған қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 19 қаңтарда қабылданады.

Хабарламаларға жазылу