«Тәуелсіздік» есімді азамат бар. Ол Жетісу облысы Панфилов ауданы Көктал ауылында тұрады. Қазір 12-де. 7-сыныпта оқиды. Озат оқушы. 2011 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында туған ұлының есімін әкесі ырымдап қойыпты. Өйткені, «Желтоқсанда» қаза болған Ләззат Асанова Көкталда туса, Ербол Сыпатаев - Панфиловтың тумасы. «Тәуелсіздік үшін құрбан болған азаматтар ерлігі ұмытылмауы тиіс. Солардың құрметіне және егемендіктің қадірін біліп жүрсін деп «Тәуелсіздік» есімін бердім»,-дейді әкесі Батырбек Нүсіпов.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше елімізде «Тәуелсіз» есімді - 2, «Егемен» есімді - 24, «Бостандық» атты 83 адам бар екен. Олардың ата-аналары да ұрпағым еркіндікті бағаласын деген ниетпен қойған болар деп топшылаймыз. Ал бізді Тәуелсіздіктің әкесі Батырбектің «Балам тәуелсіздік қадірін біліп жүрсін» деген сөзі ойлантты.
Шынында, биыл егемендік алғанымызға - 32 жыл. Бүгінге дейін мақтанарлық жетістіктер де, сан соқтырар қателіктер де болды. Қазір де әлемдік геосаяси жағдайға қарасақ, жан-жақтан төніп тұрған қатер аз емес. 32 жыл тарихи тұрғыда аз болғанымен, өзгеруге жеткілікті сияқты да көрінеді.
3 ғасырға созылған қиындықтан кейін тарихтың өзі берген мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдаланып жүрміз? Қандай қоғам құрдық? Жас ұрпақтың санасы еркін бе? Бәрімізді біріктіретін ортақ құндылықтарымыз бар ма? Жалпы, ұлтты ұйыстыратын қандай құндылықтар? Аманкелді Сейтхан осы сұрақтарды сарапшыларға қойып көрді.
Шекара. Рәміздер. Валюта. Конституция. Бұл мемлекеттің басты белгілері. Ең маңыздысы – шекара. Өйткені кез келген қақтығыс осы тұстағы даудан басталады.
Нұрбек Исабай, құқықтанушы, Астана халықаралық университетінің деканы:
Кейінгі бірнеше жылдағы әлемдегі геосаяси жағдайлардан қазір барлығы ұқты. Отан деген қандай қадірлі. Босқын болып жосып кеткен кезде. Мысалы, Сириядағы, Украинадаға босқындар, қазір Палестинадаға босқындар. Босқын болып жүрген адамдар олар біледі отанның қадірін.
Қазақстанның 5 елмен арадағы 13 мың шақырым шекарасы берік. Бірақ ел ішінде өзекті тақырып көп. Соның бірі – «ұлт» ұғымына қатысты.
Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:
Ұлтты ағылшын тілінде «нейшн» деп мемлекетпен бірдей қарастыруға болады. Біз тәуелсіздік алғаннан кейін жаңадан ұлт қалыптастыру басталды десек болады. Себебі, біз Кеңестің құрамында этникалық сипатты сезіндік. Қазіргі таңда 70 пайыздан астам этникалық қазақ тұрады.
Хайдар Әлфи, философия ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ оқытушысы:
Ұлт дегеніміз ең алдымен ұжымдық ерік. Мысалы, қазақ ұлтын айтар болсақ, қазақ ұлты алғашында Керей, Жәнібек сияқты хандардың 40 неше рудың басын қосып өзара келісім жасасу қазақ хандығы құрылды оның азаматтары сол кездегі әртүрлі рулар қазақ деп, азаматтық атау алды.
Азаматтық. Яғни, ұлт деген «этникалық» бірлік қана емес. Ұлт деген бір мүддеге топтасқан - қоғам. Мысалы, Түркия.
Хайдар Әлфи, философия ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы қазатзу оқытушысы:
Ата түріктің ең басты қалыптастырған нәрсесі мейлі ол Түркияда қайсы халық, қандай адам болсын бәрі түрік. Олардың бәрі де осы елдің азаматы, осы мемлекеттің патриоты болуы керек. Яғни, олар азаматтық түріктердің тарихтан келе жатқан этностық сипатын емес, азаматтық сипатын Түркия республикасының азаматы ретіндегі сенімін, сезімін басты орынға қойды.
Қазір әлемде 5 мыңдай этникалық топ болса, 200-ге жуығының ғана мемлекеті бар. Ал, мемлекетті біріктіруші басты фактор-тіл,-дейді ғалым.
Хайдар Әлфи, философия ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы қазатзу оқытушысы:
Тіл мемлекетті өзара байланыстыратын үлкен тетіктердің бірі. Мысалы, АҚШ бастапқыда әртүрлі этностан келген халықтардан құралды. Олар әртүрлі тілдерде сөйледі. Бірақ, олар ақырғы есепте ағылшын тілін ортақ жүйе жасады, ортақ тіл табысты, соның арқасында әлемдегі ең мықты мемлекет болып отыр. Бұл тәжірибе.
Тілге қатысты да бізде талас көп. Бір тарап адамның мемлекетке құрметін тілді білуімен бағаласа, бірі еңбегімен саралайды.
Хайдар Әлфи, философия ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы қазатзу оқытушысы:
Шетелдіктерде қазақ тілін үйреніп алуы мүмкін, бірақ ол өзін қазақ тілді деп есептемейді. Сондықтан ең басты нәрсе Қазақстан азаматтарының осы елдің тілі қазақ тілі екеніне ішкі сенім қалыптасса соған сай әрекет қалыптасады.
Ал сенімге селкеу түсіріп тұрған талай жылдық отарлықтан кейінгі санадағы сілкіністің жай жүріп жатқаны,- дейді сарапшы.
Руслан Жұбаныш, «Tauel/di/siz» жобасының продюсері:
Отарсыздану процесі ол нақты ережелер, алгоритмдары бар құбылыс емес. Сондықтан, оны жеңу жолдарын да біз өзіміз табамыз. Мысалы, Ұлыбритания мен Үндістан кейсінде оларда қазір білесіздер Риши Сунак кезінде отарланған ұлттың өкілі. Отарсыздануда екі жақты келісім болу керек. Яғни кезінде отарланған ұлт өзінің қатесін мойындап кешірім сұрауы керек. Яғни, Үндістаннан осыны көруге болатын шығар. Ал енді біздің жағдайда ол кішкене қиын болып тұр.
Нұрбек Исабай, құқықтанушы, Астана халықаралық университетінің деканы:
Ұрпақ ауыспайынша деколонизация, құлдық психологиядан арылу өте қиын. Тіпті мысалы, Үндістан деген өркениеттің ошағы Британияның колониясы болды. Британия деген одан 1000-даған км алыста жатқан ел. Көршілес елдің колониясы болған жоқ. Соның өзінде әлі күнге дейін өте қиын.
Елді біріктіретін тағы бір фактор – әлеуметтік теңдік. Бірақ, 1 млн адамы кедейлік шегіндегі елге бұл фактор әсер етпес. Дегенмен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына қарағанда шүкір. Қазақстан «Дүниежүзілік сауда ұйымына» да мүше. Шығыс пен батысты байланыстырушы ел болуға талпыныс бар. Инвестор тарту үшін имидждік шаралар өткізеді. Бірақ...
Хайдар Әлфи, философия ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы қазатзу оқытушысы:
Сенімділік бұл алаулатып, жалаулатып түрлі шаралармен көрсету емес. Бізде Кеңес одағынан қалған бұрынғы өзімізді қор санау жағымыз бар. Өзімізді қор санап жүреміз, сосын бірдеңелер арқылы соны дереу зор санауға айналдырып жібергіміз келеді.
Руслан Жұбаныш, «Tauel/di/siz» жобасының продюсері:
Имидждік дүниелер де болғаны дұрыс деп есептеймін. Ең бастысы бөлінген қаражаттың орынды кетуі. Мысалы, ЛРТ жағдайы. Үлкен жоба. Бірақ, сол енді арадағы процесс болып тұр ғой, тағы сол жемқорлық, ашықтықтың жоқтығы. Егер ЭКСПО-да сондай үлкен ақшаны талан-таражға салмай тиянақты өткенде онда қабылдауда басқаша болар еді.
Жемқорлық пен әділетсіздікті кейде спорт пен өнердегі жетістіктер ұмыттырып, елді солар біріктіреді.
Руслан Жұбаныш, «Tauel/di/siz» жобасының продюсері:
Менің есімде 2014-те Жанар Дұғалова жеңімпаз атанғанда Тurkvision-да біз атойлап қуандық. Немесе Риода ондыққа ендік. Сол кезде біз қатты қуандық. Осындай дүниелер болғаны дұрыс әрине, бірақ ол бір мезеттік дүние дер едім..
Тез ұмытылса да осы табиғи факторды мемлекет өз қажетіне пайдаланатын кезі көп,-дейді сарапшы. Мысалы, футболдағы жеңістер, Генаның титулдары арқылы ұпай жинау. Бірақ, соңғы кезде оған алданбай талабын ашық қоятын жастар көбейген.
Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:
Біз жаңа ұрпақтың өскенін көріп отырмыз. Жастардың арасында отансүйгіштік, патриоттық деген ұғымдар өзгеше түсінікте. Осыған дейін отансүйгіштік деген қандайда бір тарихи, әскери оқиғалармен байланыстырылса, қазіргі жастардың отансүйгіш ол заңды құрметтеу, ол өзіңді-өзің құрметтеу және айналаңа құрметпен қарау деген сипатта қалыптасып отыр.
Мұның бір мысалы футболдан Ұлттық құрама ойнағанда жанкүйерлердің қоқысын тазалап кеткені. Бұрын ондайды жапондардан көретінбіз. Жақында хоккейден ұлттық құраманың әнұран қосылмай қалғанда оны жатқа айтуы сүйсінтті.
Нұрбек Исабай, құқықтанушы, Астана халықаралық университетінің деканы:
Жыл өткен сайын жас ұрпақ аға буынға қарағанда еркін ойлайды. Олар тәуелсіз елде туды. Көзін ашқанда көк байрақты көрді. Солардың ойы таза, рухы еркін. Біздерге аға буынға да ықпалын тигізеді.
Деректерге қарасақ, тәуелсіздік үшін қазақ жерінде 300-дей толқу болған. Мұнша көп дүмпу басқа елдер тарихында кездесе бермейді. Ал, соңғы серпіліс 86 жылы. Бірақ, қазір ол «Желтоқсан оқиғасы» деп қана аталып жүр. Тарихшылар «көтеріліс» деп баға беретін кез жетті,-дейді. Ал, жас ұрпақ «Тәуелсіздік алғалы» деген тіркесті айта беру де кейде еркіндікті шектейтіндей деген пікірде.
Руслан Жұбаныш, «Tauel/di/siz» жобасының продюсері:
Біз 91-де тәуелсіздік алсақ та, саналы жасқа жеткеннен бастап «Тәуелсіздік» деген сөзді естумен келе жатырмыз. Бірақ, негізі мен өз басым бірнәрсе туралы көп айтуды өз басым құптамаймын. Былайша айтқанда бізді сонымен қорқытып, үркітіп келді десек болады. Әй, жан-жақтарыңа қарап жүріңдер, тәуелсіздіктен айырылып қалуымыз мүмкін. Тәуелсіздік ұлы құндылық деген нәрселер айтылды. Мен онымен келісемін әрине. Бірақ, қайткенде де онымен бізді шеңберде ұстаудың қажеті жоқ.
Аман С