Жетісу облысында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан 100-ге жуық адам бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан 100-ге жуық адам бар

15.12.2023

Жетісу облысында 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан 90-нан астам адам бар. Бәрі де сол бір қыстың ызғарлы күндерінде ел азаттықты аңсап отырған кезеңде, бүгінгі тәуелсіздігімізді жақындатуға үлес қосқан батыр тұлғалар. Талдықорғанда өңір басшысы Бейбіт Исабаев желтоқсаншылармен кездесу ұйымдастырып, аймақтың дамуына шолу жасады.

Бір-бірімен емен жарқын әңгімелесіп тұрған жетісулықтар осыдан 37 жыл бұрын өрімдей қыз, бозбала жігіт еді. Бүгінде өз саласында мемлекеттің дамуына, аймақтың өркендеуіне бір кісідей ат салысып келе жатқан тәуелсіз еліміздің азаматтары. Олар қазір тек өз отбасының қамымен ғана емес, ұрпақ тәрбиесінде де, жастардың бойына патриоттық рух сіңіруде де өте белсенді дейді, «Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық қорының жетекшісі Ермұхан Жүнісханұлы.

Ермұхан Жүнісханұлы, «Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық қорының жетекшісі:

Енді біз облыстық ұйым болғаннан кейін облыс деңгейінде ғана жұмыс істейміз. Көптеген патриоттық форум өткіздік дегендей 500 адам басын жинап. Басқа да өскелең жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселесінде көптеген бізде осындай кездесулер, семинарлар өтіп тұрады.

Желтоқсан оқиғасының тарихи мәні зор. Мұны түсіну үшін әлі де біраз уақыт қажет. Ең бастысы біз қазір мемлекет тұтастығын қамтамасыз етіп, еліміздің әл ауқатын арттыруда жұмыла еңбек етуіміз керек деген аймақ басшысы алдағы жылы Талдықорғанда желтоқсан оқиғасына қатысқандарға арнап ескерткіш саламыз деген жоспарымен бөлісті.

Әдемі символикалық жұрт ойланатындай, келгенде қарағанда басқаға ұқсамаса деп отырмын желтоқсанның ескерткіші. Кішкене ұялмайтындай және ол сіздердің балаларыңыз, немерелеріңіз барып гүл қоятын жерге айналатындай болып кетсін.

Мұнан бөлек желтоқсандықтар саябағын да ашу жоспарланып отыр. Кездесу барысында бірқатар желтоқсандық облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Қуаныш Қанатұлы, Самат Оразалинов «Қазақстан» ұлттық арнасы, Жетісу облысы.


Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу