Талдықорғандағы «Асар» спорттық-оңалту орталығында заманауи мамандыққа оқытуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғандағы «Асар» спорттық-оңалту орталығында заманауи мамандыққа оқытуда

14.12.2023

Талдықорғандағы «Асар» спорттық-оңалту орталығы мүмкіндігі шектеулі жандарды емдеп-сауықтырумен ғана емес, оларды белгілі бір кәсіпке баулумен айналысады. Жуырда ерекше қажеттілігі бар жандар мобилографияның қыр-сырын меңгеріп, өздерін жаңа бір белестің алғашқы баспалдағына көтерді. Арбаға таңылса да өмірге деген құлшынысы зор жандарға орталық тағы бір үміт отын сыйлады, дейді әріптесім Қуаныш Қанатұлы.

Талдықорғандық мобилограф тәлімгерлеріне смартфонды қалай ұстап, түсіретін заттарын қалай орналастыру қажеттігін үйретіп жатыр. Және түсірген видео немесе суретін қалай жылдам өңдеуге болатын айтып түсіндіруде. Ал курсқа қатысып жатқан 20 адамның әрқайсысы бәрін мұқият тыңдап, қайталап, қоғамға жылдам сіңіп кеткен жаңа кәсіпті меңгеріп алуға тырысып бағуда.

Алмас Мұқажанов, қала тұрғыны:

Интернет арқылы қазір саудалар жасауға болады ғой. Сауда арқылы өзімізге жеке ақша тапқымыз келеді. Соның бір несі, мәселен тауарды алғаннан кейін әдемі түрде тауар сияқты жинақтап интернет арқылы сату ғой. Соны үйретеді.

Оңалту орталығы биыл ғана ашылды. Бір күнде әртүрлі мүгедектігі бар жүзге жуық адам келіп ем-домын алып кетеді. Мұнан бөлек мұнда психолог пен заңгер де жұмыс істейді. Олар келушілерге түрлі бағытта кеңес беріп, құжаттарын рәсімдеуге көмектісіп отырады. Тағдыр тәлкегімен осындай жағдайға душар болған адамдар өмірден түңілмей, өздерін осы қоғамның бір мүшесі ретінде сезінсе екен, дейді Елдос Баялышбаев.

Елдос Баялышбаев, «Асар» спорттық-оңалту кешенінің директоры:

Қазақта сөз бар, балық берме қармақ бер деген. Тек қана мобилография емес оның алдында психологиялық тренинг болды. Қалай өз-өзін жігерлендіру, өз ойын білдіру. Одан кейін барып кәсіп үйрету шықты, мобилограф деген. Видео арқылы ақша табу. Қазір заман дамыған.

Сол дамыған заманның мүмкіндіктерін пайдаланып, инклюзивті орта қалыптастыруды көздеген жетекші, алдағы уақытта тағдырластарын жұмысқа орналастырумен де айналысуды жоспарлауда.

 Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу