Елімізде жеңілдетілген несие бағдарламасы жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жеңілдетілген несие бағдарламасы жалғасуда

14.12.2023

Елімізде жыл басынан бері 4 мың азамат жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Небәрі 2,5 пайызбен беріліп жатқан кредиттің тең жартысын кәсіпкерлікпен айналысып жүргендер алған. 5 миллион теңгеге Алматының жастары қандай кәсіп түрін ашып жатыр? Әлі қай өңірдің белсенділері өз жобасына өтініш беріп үлгереді? Әріптесім Әйгерім Ердәулет айтсын.

Жастарға арналған жеңілдетілген несиенің шарапатын көріп отырғандардың бірі алматылық Меруерт Әбілқасымқызы. Осыдан бес ай бұрын бастауыш сынып оқушыларына арналған орталық ашқан. Ол бұл бағытты кездейсоқ таңдамадым дейді. Идея балаларын қосымша сабақ пен үйірмеге жетектеп жүріп келгенін айтады.

Меруерт Әбілқасымқызы, Балаларды дамыту орталығының басшысы:

Жеңілдетілген несие бағдарламасы жақсы көмектесті, себебі ол жерде жоба жазу және қажетті құжаттардың барлығын жинау алып бара жатқан қиын дүние емес Алдағы уақытта мен қосымша үйірмелерді, осындай тағы да мемлекеттік бағдарламалар арқылы, қазіргі таңда «арт спрот», «даму бала» деген бағдарламалар арқылы жүргізіп тегін балаларды қабылдауды да жоспарлап отырмын, сол арқылы өзімнің кәсібімді ары қарай дамытып болашақта мүмкін үлкен мектептер ашып қалармыз.

5 миллион теңге несиені 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтар ала алады. Кепілге еліміздің кез келген өңіріндегі жылжымайтын мүлікті немесе жеңіл көліктен басқа ірі техниканы қоюы керек. Одан кейін қатысушыға бизнес жобасын жазып, бағдарламаның негізгі операторы - Аграрлық несие корпорациясына өткізуі шарт. Әрі қарай комиссияның қарауына түседі. Талапқа сай келмегендер қайта түзеп, жобаға тағы да өтініш бере алады.

Ерасыл Амангелдіұлы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Алматы қаласы бойынша несие бөлімінің кеңесшісі:

Мақұлданбайтын себептері несие тарихы бойынша қара тізімге ілініп кетуі, мүкін тағы бір шешім бойынша аресттер болып қалуы мүмкін, жалпы көп жағдайда мақұлданып жатыр. Осы жылдың соңына дейін әрине біз игеріп үлгермейміз, бірақ келесі жылы игереміз. Жастар көбіне плейстейшн, компьютерный клуб, газель сатып алады, кішігірім кофейня ашып жатыр.

Қазір Алматымен қоса, Атырау облысы және Астана қаласының жастары 2,5 пайызбен несие ала алады. Қалған өңірлерде қаражат толық игерілген. Экономистер, бұл бастамадан ұзақ мерзімді нәтиже күтуге болатынын алға тартып отыр.

Мақсат Серәлі, Экономист:

Бұл 5 миллиондық теңге болғандықтан кейін қазіргі таңдағы бірден эффектісін бере алмайды экономикаға, бірте-бірте микро кәсіп субъектісі болып атанады, 2-3 жылдан кейін шағын бизнес иегері атанады,одан кейін 7-10 жыл көлемінде орта бизнеске айналады. Бұл ең бірінші жағдайда жұмыспен қамту мәселесі болып есептеледі, одан кейінгі тауарға деген ішкі нарықта сұранысты қанағаттандыру, біздің экономикамызға қазіргі таңда ең керекті мәселе осы болып табылады.

Жеңілдетілген несие бағдарламасына бөлінген қаражаттың әлі 8 миллиард 600 миллион теңгесі бар. Қаражыны жыл соңына дейін толық игеру керек деген талап жоқ. Сондықтан, кәсіп бастаймын немесе ісімді ілгерлетемін деген азаматтар сәуір айына дейін жеңілдетіген несиеге өтініш бере алады.

Әйгерім Ердаулет


Хабарламаларға жазылу