Көкшетауда қатты аяздан тұрғын үйлерге берілетін газ қатып қалып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда қатты аяздан тұрғын үйлерге берілетін газ қатып қалып жатыр

12.12.2023

Көкшетау қаласында қатты аяздың кесірінен тұрғын үйлерге берілетін газ қатып қалып жатыр. Шаһар тұрғындары бірнеше күн қатарынан көгілдір отынсыз отыруға мәжбүр. Сала мамандары бұған газдың құрамындағы бутан мен пропанның қатты аяздың кесірінен мүлдем буланбайтыны себеп, - дейді. Күн күрт суытқалы апаттық-диспетчерлік орталықтың қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Олар күніне отызға жуық шақыртуға барады. Қазір өңірде ауа температуарасы 37-38 градусқа дейін төмендеген.

Батыр Әшіров, газ таратушы компанияның директоры:

Егер де күн күрт суып, -43 градусқа дейін аяз сезілсе, газ буланбай, сұйық күйінде қалады. Салдарынан тұтынушыларға көгілдір отын жетпейді. Біз тұрғындарды газбен уақытылы қамтамасыз ету үшін қолымыздан келгенін барлығын істеп жатырмыз. Бізге хабарласып, шағымданса, аталған мекенжайға бірден жұмыс тобын жібереміз. Қазір жағдайды бақылап отырмыз.
Ал Қостанайда бүгін дизельмен жүретін бірнеше автобус жолға шықпай қалды. Бұған да, қатты аяз себеп. Өңірде желдің екпіні де күшейген. Салдарынан бірақтар республикалық жол учаскелерінде көлік қозғалысы шектелді. Қала әкімдігі мемлекеттік мекемелер мен басқа да ұйымдарға жұмыс күнін қысқартуды ұсынды. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қызылорда облыстарында оқушылар қашықтан оқуға көшті.


Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу