Анасын іздеген бельгиялық азаматқа қатысты мұрағаттан мәлімет табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анасын іздеген бельгиялық азаматқа қатысты мұрағаттан мәлімет табылды

11.12.2023

Биологиялық анасын іздеген бельгиялық азаматқа қатысты бүгін мұрағаттан мәлімет табылды. Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының зерттеу тобы 4 бірдей маңызды құжатты Жәнібектің өзіне табыстады. Қостанайдың тумасы 2002 жылдың 17 қаңтарында дүниеге келген. 2004 жылы балалар үйінен Бельгиялық отбасы асырап алған. Табылған құжаттармен әріптесім Аида Ахметбек танысып қайтты.

«Анамды бір рет құшақтасам..». Арқалықта туып, тағдырдың жазуымен шетел асып кеткен Жәнібекті бұл арманы елге қайта әкелді. Әр шалынған қоңырау мен жолданған хаттан үміт күтіп жүр. Оның айтуынша, анасының үшінші баласы болуы мүмкін. Бүгін мұрағаттан 4 бірдей құжаттың көшірмесі берілді. Құжат бойынша әкемнің аты Мұрат, тегім Мұсағұлов. Ертең туған жерім Арқалыққа жол жүремін. Іздеуді әлі де жалғастырмақпын. Ешкімге өкпем жоқ, анам табылса.. құшағыма бір қыссам арманым жоқ.

Маңызды құжатта 2002 жылдың 25 қазанында 5 адамнан құрылған комисия баланы перзентханадан балалар үйіне ауыстыру туралы жазылған. Өйткені өмірге әкелген әйел баладан 3 күннен кейін сырт айналады.

Қымбат Досжан,«Бармысың, бауырым?» хабарының жүргізушісі:

Баланың шешесі биологиялық анасы 3-4 күннен кейін перзентханадан кетіп қалады. Өзі туралы берген ақпараты ойдан шығарылған есім болуы мүмкін. Өйткені базада жоқ. Өте тағдырлы бала, өйткені 2004 жылы асырап алып кеткен кезде 2 жастағы бала соттың шешімі жоқ. Соны таппай жатырмыз. Бұл зерттеудің басы ғана.

Аида Ахметбек, тілші:

Жәнібек қазір Испанияның Мальорка аралында атбегілікпен айналысады. Жаны мен қаны қазақ отандасымыз 20 желтоқсанда Астанадан Испанияға ұшып кетеді. Қазақстан тым алыс, қашан келерім беймәлім, - дейді. Сондықтан анасын бір көруді аңсаған азамат елден ақпараттық көмек сұрап отыр. 

Хабарламаларға жазылу