Екібастұз жылу электр орталығында тағы да апат болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұз жылу электр орталығында тағы да апат болды

10.12.2023

Қыс қаһарына мініп үлгермеп еді, Екібастұздың жылу электр орталығында тағы да апат болды. Түнгі сағат 01:10-да күл шығаратын құбырдан ақау анықталған. Сағат 05:30-да зақым жойылған. Алайда салдары осал емес. Су жылыту қазандықтарының 2-ші цехіндегі багер сорғысы су астында қалған. Жылуды ұстап тұру үшін резервте болған екі энергетикалық қазандық агрегаты іске қосылды. Екібастұз Жылу Электр Орталығы мен Екібастұз қалалық Төтенше Жағдай басқармасы суды сорып шығару үшін жұмысқа кіріскенін мәлімдеді. Ал «станциядағы багер сорғысын ауыстырып, қайта іске қосу үшін резервті қозғалтқыш дайындалды», - деп хабарлады “Екібастұзжылуэнерго” компаниясы. Әзірге жауапты органдардың осындай құрғақ комментарийімен ғана шектелуге мәжбүрміз. Облыстағы меншікті тілшімізге сұхбат беруден бас тартқан. БАҚ-қа таратылған мәліметке сәйкес, станцияда 7 қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр. Су жылыту цехіндегі 3 қазандық уақытша мазутпен жағылып жатыр. Бірер сағатта бұл қазандықтар кестеге сәйкес көмірмен жағуға көшіріледі, - делінген.

Былтыр Екібастұздың Жылу электр орталығында бірнеше рет апат болып, ТЖ жарияланғаны ел ұмытқан жоқ. Әсіресе қыс бойы дірдектеп шыққан қала жұрты биылғы жылыту маусымында да жағдай қайталана ма деп қауіптенген еді. Жазда Екібастұздың Жылу электр орталығы 22 млрд теңгеге жөнделгенін де атап өту керек.

Осы апта Степногорскте де ондаған отбасы жылусыз қалды. Славской және целиноград көшелерінің қиылысындағы жылу желісі жарылып, апат болған. Келесі күні облыс әкімі Марат Ахметжанов тиісті жұмыстар атқарылып, жағдайдың реттелгенін жариялады.

Жылу электр орталықтарының қысқа дайындығы, бұл мәселенің түпкі себебі мен салдары жайлы «Апта»-да талай айтылды. Енді халық, әсіресе моноқалалар жұрты бұл қыстан аман шықса екен деуден басқа амал қалмағандай...


Хабарламаларға жазылу