Басты Жаңалықтар Батыс Қазақстан облысында алты баладан скарлатина анықталды

Батыс Қазақстан облысында алты баладан скарлатина анықталды

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында скарлатинамен ауырған тағы бір бала жансақтау бөлімінде жатыр. Біреуі көз жұмды. Жұқпалы індет Тасқала ауылындағы 6 баладан анықталды.«Балдырған» бөбекжайы карантинге жабылды.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Ауру ошағы Тасқала ауылындағы мына «Балдырған» бөбекжайынан анықталды. Мұнда екі топта 41 бала тәрбиеленеді. Ересек топтағы 6 бала бір мезетте ауырып, ауруханаға түскен. Біреуі, өкінішке орай, қайтты. Қазір білім беру мекемесі 7 күнге карантинге жабылды.

Балабақшаны ұжым өз күшімен залалсыздандырып жатыр. Бактериологиялық зерттеу үшін барлық қызметкер мен кіші топтың балаларынан сынама алынған.

Гүлзада Әзбергенова, «Балдырған» бөбекжайы басшысының міндетін атқарушы:

Ол жағынан ешқандай мәлімет бере алмаймыз қайдан бала жұқтырып алып келгенін. Сариева Ақерке бейсенбіде ақтық рет балабақшаға келіп кеткен еді. Содан кейін ол балабақшаға келген жоқ. Баланың ауырып тұрғандығын демалыс күні білдік. Көз жұмғанын сейсенбі күні естідік.

Скарлатинамен ауырған 6 баланың төртеуі, облыстық және аудандық ауруханаларда емделіп жатыр. Біреуі жансақтау бөлімінде.

 Айнагүл Үмбеталиева, ауыл тұрғыны:

Жексенбі күні ауырып бастады балам. Бетінде қызыл дақтар пайда болды. Содан кейін кеште қызуы басылмады, 39 болды. Жедел жәрдем тек 48 минуттан кейін келді. Қазір әлі ауыр жағдайда.

Ал скарлатинадан көз жұмған 4 жасар бүлдіршін үш күн бұрын ауруханаға түскен. Қызуы көтеріліп, денесі бөртіп, тыныс алуы нашарлаған.

Ерлан Тоқсанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Қайтыс болу фактісі бойынша вскрытие жасалды. Паталого-анатомиялық диагноз әлі қойылған жоқ. Иммун жүйесін, гесталогиялық зерттеулерді қарайды, қандай жағдайда болғанын.

Ал зертханалық талдаудың нәтижесі мен комиссия қорытындысы келер аптада белгілі болады. Мамандардың айтуынша, жалпы скарлатина - аса қауіпті ауру емес. Тек бір мекемеде 6 баланың қатар ауруы алғаш рет болып отыр.

Нұрлыбек Мұстаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Бұл жерде вакцинация жоқ, вакцинация салынбайды. Емі, әрине, бар. Ауру қоздырғышы - стрептокок инфекциясы. Бұл ауру ауа тамшысы арқылы жұғатын ауру. Негізгі тасымалдаушысы - науқас адам. Немесе сау болып жүріп, өзі білмей, тасымалдаушы болады. Сондықтан үйінде біреу ауырып жұқтырды ма, әлде өзі бастап ауырып, қалғандарына жұқтырды ма? Қазір эпидемиологиялық тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Жыл басынан бері облыста скарлатинаның 700-ден астам жағдайы тіркеліп, 347 адам ауруханаға түскен.

Ардақ Мұратқызы

Бөлісу