Жетісу облысында жаңа жел электр станциясы сынақтан өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында жаңа жел электр станциясы сынақтан өтуде

08.12.2023

Жетісу облысында жаңа жел электр станциясы сынақтан өтуде. Қуаттылығы елу мегаватт энергокешен Қазақстан мен Қытайдың бірлескен инвестициялық жобасымен салынды. Алакөл ауданындағы жел дәлізі аймақта тағы да осындай жасыл энергия көздерін орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Осы бағытта өңірге Біріккен Араб Әмірліктерінің де кәсіпкерлері қызығушылық танытып отыр. Ебі және Сайқан. Жоңғар қақпасында алма кезек соғатын осындай екі жел бар. Сайқан батыстан шығысқа қарай үрлесе, Ебінің желі керісінше. Дәл осы дәлізде жел электр станцияларын орнату өте тиімді болып отыр. Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Бұл жел генераторлары автоматтандырылған режимде жұмыс істейді. Мысалы жел қай жақтан соқса олар өздігінен сол жаққа бұрылып тұрады. Дәл қазір шығыстан Ебі желі соғып тұр. Жылдамдығы секундына 10-11 метр.

Инвестициялық жоба құны 24 млрд теңге. Сегіз генератор орнатылды. Әр қайсысы 6,25 мегават. қуат өндіреді.

Жанат Төлебаев, инженер:

Біраз сұраныстан өткеннен кейін, Үкімет, акимат болсын жерді алдық. Инвесторлар табылды бізде. Ақпан айынан құрылысты желтоқсан айында сәтті бітірдік.

Жоңғар қақпасында Біріккен Араб Әмірліктерінен де инвестиция тарту көзделіп отыр. Мемлекет басшысының соңғы сапарында тағы бір жел электр станциясын салуға келісім жасалды.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

Бірінші кезекте Сауд Арабиясымен үкіметаралық келісім бекітілді. Жетісу облысында қуатттылығы бір гиговатт жел электр станциясын салу көзделіп отыр.

Жаңа жоба іске асса елге қуат көзін өндіріп қана қоймай жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу