Биыл Семей еріктілері 500-ге жуық қоғамға пайдалы шара ұйымдастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Семей еріктілері 500-ге жуық қоғамға пайдалы шара ұйымдастырды

05.12.2023

5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күніне орай Семейде «Кең жүрекпен» атты волонтерлер форумы ұйымдастырылды. «Абай жастары» жастар ресурстық орталығы қолға алған шараға өңірдегі мыңнан астам ерікті жиналған. Олар өздерінің жыл бойы атқарған жұмыстарын қорытындылап, тәжірибелерімен бөлісті.

Жыл басынан бері өңір еріктілері 500 ге жуық қоғамға пайдалы шара ұйымдастырған. Әсіресе, табиғи апаттар кезінде көмек қолын созған. Орман өртін сөндіру, қарағайлы алқапты қалыпқа келтіруде қыруар еңбек сіңірген.

Нұрай Қапурова, волонтер:

Көптеген волонтерлар, мысалы өзіміздің «Алтын жүректен», «Жастар рухы» деген осындай «Кең жүрек» деген ұйымдар көмектескен болатын. Адамдарға сол жерде тамақ пен киім және де басқа да көмектер көрсетті.

Бибі Оразханова, волонтер:

Әртүрлі қоғамдық жұмыстарға белсене қатыстық. Еріктілер болып әртүрлі сенбіліктер ұйымдастырдық. Ардегер ұстаздарымызға көмек көрсеттік.

Абай облысында қазір 4 мыңға жуық волонтер бар. Оқу орындарында 19 бастамашыл топ тіркелген. Ерікті түрде түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүргендердің дені жастар.

Қуаныш Молдақашев, «Абай жастары» жастар ресурстық орталығының бөлім меңгерушісі:

Волонтерлік бағытта облыста болсын, қалада болсын жұмыстар атқарылып жатыр. Тек қайырымдылық, табиғатты қорғау, тарихи ескерткіштерді қорғаудан бөлек, түрлі бағыттағы жұмыстар атқарылып жатыр деуге болады. Оның біреуіне тоқталатын болсақ қазіргі қоғамда өзекті мәселе бар. Лудомания мәселесі. Сол мәселе аясында да бірнеше волонтерлік жоба іске асқан болатын.

Форумда тәжірибелі волонтерлер тренинг өткізіп, қоғамға пайдалы жобаларды іске асыруға бағыт-бағдар берді. Шарада жыл бойы жұмыс атқарған еріктілердің ең белсенділері марапатталды.

Хабарламаларға жазылу