Қызылорда мен Ақтөбе аралығындағы автожолды 4 жолақтыға кеңейту бойынша жұмыстар келер жылы басталады. Бүгінде Ақтөбе облысы аумағына тиесілі бөлігіне жоба әзірленіп қойған. Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген еліміздің көлік министрі Марат Қарабаев аймақ жұртшылығымен кездесіп, жол саласына қатысты бірқатар жобаларды көпшілікпен талқылады.
Ал «БатысЕуропа-БатысҚытай» автодәлізінің Қызылорда мен Арал ауданы аралығын 4 жолақтыға кеңейту бойынша тиісті құжаттар келер жылы әзірленбек. Сондықтан, аймақ үшін маңызды жоба жоспар бойынша 2025 жылы басталады. Сондай-ақ, «Бейнеу-Бозой-Шалқар/Сексеуіл» автожол құрылысы да ел арасында қызу талқыланып жатыр. Кездесуде аралдық ардагерлер мен сала мамандары бес елді мекеннің үстімен өтетін жолды Сексеуіл арқылы салуды министрге ұсынды.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
Біз қазір «Бейнеу-Шалқар» жобасының құрылысын бастайын деп отырмыз. Оның құжаттарын әзірлеп отырмыз. Онда халықтың көтеріп отырған мәселесі Бозой арқылы өткізіп, әрі қарай Сексеуілді сол жобаның шеңберінде жолды Сексеуіл арқылы өткізуді қамтамасыз ету. Оны ел-жұртпен бірге талқыладық. Келесі жылдың басында тағы да бір қосымша қоғамдық кеңес өткізіп, соның шеңберінде талқылаймыз деп уағдаластыққа келіп отырмыз.
Облыста жүзеге асырылып жатқан тағы бір ауқымды жоба «Қызылорда-Жезқазған» автожолы. Әсіресе, Қызылорда облыс аумағында қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Келер жылы жолдың біраз бөлігі пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Марат Қарабаев Ұлытау облысында да құрылыс жұмыстарын ширатуға барлық шаралар жасалып жатқанын айтты. Жалпы алдағы 5 жылда елімізде 8 мың шақырым республикалық жолдар қайта жаңғыртудан өтпек.