Жыл басынан 800 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан 800 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды

01.12.2023

Елімізде жыл басынан мемлекеттік бағдарламалар аясында 862 мың азамат жұмысқа орналасты. Оның 420 мыңнан астамы жастар. Азаматтарды еңбекпен қамту үшін қазір түрлі жобалардың тиімділігі қандай? Екі қолға бір күрек тапқандар жұмыс орындарында тұрақтап жатыр ма? Еліміздің ең ірі қаласы Алматыда жұмыссыздық көрсеткіші азайып келе ме?

Іңкәр Мәрленқызы мегаполистегі беделді оқу орындарының бірінде қызмет етеді. Оның міндеті түрлі мекемелермен келіссөздер жүргізіп, студенттерді өндірістік тәжірибеге жіберу. Былтыр ғана «Жастар саясаты» бағдарламасы арқылы жұмысқа тұрған ол, бүгінде университеттің білікті маманы.

Іңкәр Мәрленқызы, қала тұрғыны:

Көбінесе мамандық бойынша еңбек өтілін сұрайды көп жер. Оқуды бітіре салып, тәжірибе жинау мүмкін емес. Сондықтан мен жұмыспен қамту орталығына бардым. Ол жерде маған дәл сол күні жұмыс тауып берді. Жастар бағдарламасы бар екенін айтты. Ол жерде бұған дейін жұмысқа тұру-тұрмау маңызсыз болды.

Іңкәр секілді шаһарда жыл басынан «Жастар саясаты» бағдарламасымен 900 адам уақытша жұмысқа орналасқан.

Ал жалпы қалалық Еңбек мобильділік орталығына 56 мың адам жүгінген. Олардың 37 мыңы жұмыссыз ретінде тіркелсе, 15 мыңы уақытша еңбекпен қамтылды. Ал 12 мың азамат тұрақты түрде екі қолға бір күрек тапқан.

Гүлзинат Мейірбекова, қалалық еңбек мобильділігі орталығы бөлім басшысының міндетін атқарушысы:

Өте сұранысқа ие бұл қоғамдық жұмыстар. Неге десеңіз «Жастар саясатына» 1000 адам болатын болса, қоғамдық жұмыстарға жыл соңына дейін 12 мыңдай адам қатысып жатыр. Не үшін деген сұрақ туады ғой осы тұста. Өйткені ешқандай адамның білімін, арнайы оқуын қажет етпейді басқа жобалардан айырмашылығы сол. Бұған 16 жастан асқан азаматтар мен зейнет жасына дейінгі азаматтар қатыса береді.

Ал республика бойынша биыл 862 мың азамат жұмысқа орналасқан. Оның 420 мыңнан астамы жастар.

Спабек Садықов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:

Оның ішінде Ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналасқан азаматтар бар. Одан кейін барып, мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялық жұмыс орындарына орналасқан азаматтарымыз бар. Бұдан бөлек бос жұмыс орындары мен жеке бастамалар шеңберінде жұмысқа орналасқан азаматтар бар.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде еңбекке жарамды 9 млн 557 мың азамат бар. Дегенмен олардың 451 мыңы жұмыссыз ретінде тіркелгендер. Осы көрсеткішті азайту үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минситрлігі аталған бағыттағы жұмысты күшейте түспек. Айта кетейік, қазір еңбек биржасына 55 мыңға жуық бос жұмыс орны бар.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу