Хостелде өрт қауіпсіздігі мүлдем сақталмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Хостелде өрт қауіпсіздігі мүлдем сақталмаған

30.11.2023

Алматыға арнайы барған Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов өрт шыққан хостелде 13 адамды құтқару неліктен мүмкін болмағанын түсіндірді.

Ведомства басшысының айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеті минут ішінде жеткен. 10 техника мен 46 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Әкімдік өкілдері де, төтенше жағдайлар департаменті де бұл хостелдің есепте жоқ екенін айтты. . Өрт ошағы болған жертөледе матрастар жинаулы тұрған. Оқыс оқиғадан кейін нысанға тексеру жүргізген құзырлы орган өкілдері ғимарат ішінде ешқандай өрт сөндіру құралдарының болмағанын анықтаған. Сондай-ақ, авариялық шығу есіктерінің алдын тұрмыстық заттармен толтырып тастағаны белгілі болды. Дәліздері тар, терезесі жоқ, адам аяқ алып жүру мүмкін емес. Бұл - құтқарушылардың жұмысына да кедергі келтірді деді министр.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Жұмыстың жедел жүруіне тар дәліз бен қою түтін кедергі келтірді. Осының барлығы өрт сөндіруді, барлауды және адамдарды құтқаруды қиындата түсті. Соған қарамастан құтқарушылар ішке кіріп, өртті тез ауыздықтады. Мұндай нысанды хостел ретінде пайдалану заңға қайшы.

Брифингте қалалық жастар саясаты басқармасының өкілі бұл нысанда студенттердің тұрып жатқанынан хабарсыз болғанын жеткізді. Себебі, олар бұған дейін жоғары оқу орындарына өздерінің жатақханаға мұқтаж еместігін айтқан. Білім ошақтарымен келісім жасамай, өз еріктерімен бөлме жалдап тұрып келген.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу