Танымал композитор Қайрат Жүнісов – 60 жаста - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Танымал композитор Қайрат Жүнісов – 60 жаста

27.11.2023

«Ауылым – алтын мекенім». Танымал композитор, Қазақстан Қарулы күштерінің запастағы майоры Қайрат Жүнісов көрермендерге жаңа әнін тарту етті. Шығармашылық кеш сазгердің 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Дүйім жұртқа «Фарида», «Қарындасыма», «Қыз-қызғалдақ», «Қобызым», «Алматының түндері-ай» сынды хит әндерімен етене таныс сазгер Қайрат Жүнісовтің мерейтойлық концерті Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда өтті. Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығымен қатар композитордың әріптестері, достары мен туыстары қатысып, мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдірді.

Арман Әсенов, ҚР Қарулы күштері ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы:

Шығармашылық ұжымның әрбір мүшесі Қайрат ағаны өте жақсы көреді, құрметтейді, бағалайды. Концерт талғампаз тыңдарманның көңілінен шығып, жоғары бағаға ие болды деп білемін. Қазақ халқының сүйікті сазгері патриоттық әндердің авторы ретінде мәңгі бақи есте қалады деп ойлаймын.

Композитор түрлі жанрда ән жазады. Әйтсе де әскери тақырып жанына жақын. Өйткені Қайрат Жүнісов отыз жылдан астам өмірін әскери қызметке арнады. Шығармашылық пен әскери қызметті қатар алып жүре білген сазгердің басты қағидасы – тыңдарманның көңілінен шығу және өз өнеріне адал болу дейді замандастары.

Қайсар Мұғалов, запастағы полковник:

Қарындасым деген әнінде қаншама сүйіспеншілік әйел қауымына, ана қауымына қаншама сүйіспеншілік жатыр. Ракеташылар маршы, танкішілер маршы. Танкист болмаса да танк ішіне кіріп кеткендей болып сондай өзінің табиғатымен өзінің болмысымен сондай керемет-керемет әндер жазылды.

Іс-шара соңында еліміздің Қарулы күштерінің әнұранына айналған Қайрат Жүнісовтың "Егемен Қазақстан" әні орындалды.


Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу