Төрт күндік тыныштық: Израиль мен ХАМАС тұтқындарымен алмасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төрт күндік тыныштық: Израиль мен ХАМАС тұтқындарымен алмасып жатыр

26.11.2023

24 қарашадан бастап Израиль мен Хамас арасында атысты тоқтату режимі орнады. Бұл тыныштық 4 күнге жалғасып, қарашаның 28-і күні күшін жояды. Атысты тоқтату туралы уақытша келісімге Қатар, Мысыр және АҚШ дипломаттарының ықпалы болды.

Газа аймағында 4 күн атыссыз өтпек, тыныштық кезеңіндегі басты мақсат: тұтқындар алмасу және газалықтарға гуманитарлық көмек көрсету. Қарашаның 28-іне дейін кепілде отырғандардан Хамас 50 адам, ал Израиль 150 адам босатуы тиіс. Олар негізінен әйелдер мен балалар.

Тұтқындарды босату Газа мен Мысыр арасындағы Рафах өткізу бекеті және Халықаралық қызыл крест ұйымы арқылы жүргізіліп жатыр. Кепілден босағандарға бірінші кезекте медициналық көмек көрсетіліп жатыр, одан кейін үйіне қайтарылады.

Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху атысты тоқтату режимі аяқталған соң шабуылды қайта бастайтынын жеткізді. Сонымен қатар Үкіметтің басты мақсаты барлық тұтқынды бостандыққа шығару екенін мәлімдеді. Ресми деректер бойынша Хамаста босатылатын 50 адамды қоспағанда 190 тұтқын бар.

Жеті күндік тыныштық бұдан әрі созылуы мүмкін бе? Кейбір мемлекет басшылары осыған үмітті, басты себеп ретінде тұрғындарға гуманитарлық көмек керек екенін алға тартып отыр. Бірақ сарапшылар бейбітшіліктің ауылы алыс дейді, өйткені Израиль Хамасты толық жеңуді көздейді. Яғни, қақтығыс әлі бірнеше аптаға жалғасуы мүмкін.

Бүгін Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея елдерінің сыртқы істер министрлері Кореяның Пусан қаласында кездеседі. Кездесуде министрлер алдағы уақытта болатын үшжақты саммитке дайындық жүргізіп, өзара ынтымақтастықты дамыту мен аймақтық және жаһандық мәселелер бойынша пікір алмасады. Сонымен қатар, кездесуде екіжақты келіссөздер өтеді.

Жалпы Оңтүстік Корея, Қытай және Жапония арасындағы жыл сайынғы үшжақты саммит 2008 жылдан бастап өтіп келген еді. Соңғы кездесу 2019 жылы пандемияның алдында болды. Демек, шығыстағы елдердің кездесуі биыл 4 жылдан кейін қайта өтпек.

Көрші елдердің арасында проблема аз емес, әсіресе қауіпсіздік саласында өзара келіспейтін тұстары бар. Жапония мен Оңтүстік Корея Қытайдың аймақтағы ықпалынан қауіптеніп, АҚШ-пен қауіпсіздік саласында тығыз қарым-қатынас орнатып жатыр. Ал Қытай болса аймақ елдерінің АҚШ-пен байланыс орнатуы жағдайды ушықтырады деп есептейді.

Мысалы Бейжің Филиппиндер мен АҚШ-тың біріккен күштері Оңтүстік-Қытай теңізінде патрульдеу жүргізгеніне наразылық білдірді. Сондай-ақ олар ештеңеге қарамастан, елдің егемендігі мен теңіздегі мүддесін қорғауға дайын екенін мәлімдеді.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди осы апта Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен әлемнің жетекші экономикалары G20 тобының биылғы екінші саммитін өткізді. Жиын онлайн форматта өтті.

Саммитке батыс елдерінің жетекшілері, соның ішінде Германия канцлері Олаф Шольц пен Франция президенті Эммануэль Макрон да қатысқан. Одан өзге кездесуде Жапония, Түркия, Канада, Аустралия және Бразилия секілді бірнеше мемлекет басшылары да болды.

Ал бәсекелес екі алпауыт – Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпинь мен АҚШ президенті Джо Байден саммитке қатыспады. Бұл шешімін алдын ала ескерткенмен, екі басшының қатыспау себептері айтылмады.

Саммит қорытындысы бойынша аса маңызды құжаттарға, келісімдерге қол қойылмады. Бірақ сарапшылар Ресей президентінің саммитке қатысуын жақсылыққа бағалап жатыр. Бұл күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттер арасындағы диалогтың орнауына ықпал етуі мүмкін дейді. Әрі Путиннің Ресей ішіндегі беделінің артуына әкеледі деген мамандар да бар. Ресей президенті екі жылдан бері G20 саммитіне алғаш рет қатысқанын да атап өту керек.

Биыл қыркүйек айында Путин Нью-Делидегі G20 саммитіне бармаған еді. Ол кезде Кремль Ресей президентінің «тығыз жұмыс кестесі» кедергі болды деп мәлімдеген. Бір жыл бұрын Путин Индонезияда өткен G20 саммитіне де қатыспады. Онда Ресей делегациясын Сыртқы істер министрі бастаған болатын. Ал Үндістанның биылғы G20 саммитін онлайн өткізу бастамасы Кремль үшін өте пайдалы болды деп баға беріп отыр сарапшылар.

Саммитте Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди соңғы бірнеше айда әлем алдында "жаңа сынақтар" болғанын атап өтті. Әлемдегі ең ірі 20 экономиканың жетекшілерін Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстың кең таралмауы үшін қажетті әрекеттің бәрін жасауға шақырды.

Үндістан – 1990 жылдардан бастап Израильмен тығыз стратегиялық байланыстар орнатқан ел. Бірақ сонымен бірге араб елдерімен де қарым-қатынасын дамытуға мүдделі. Бұл Үндістанның қарқынды дамып келе жатқан экономикасы үшін ірі көлемдегі мұнайды импорттауға мүмкіндік береді. Нью-Дели осы байланыстарды Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс жағдайында теңестіруді көздейді.

Енді Үндістан премьер-министрі барлық мемлекетті келесі айда Нью-Делиде өтетін Жаһандық жасанды интеллект саммитіне шақырып жатыр.


Хабарламаларға жазылу