Абай облысында 2443 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында 2443 отбасы баспаналы болды

23.11.2023

Былтыр ғана Президент жарлығымен қайта түлеген Абай облысында түйіткілді мәселелер оң шешімін тауып келеді. Алаш арыстарының басын қосқан Семей өңіріне өң кіріп, қай сала болмасын қарқын алған. Атап айтсақ, инвестиция көлемі 44 пайыздан асыпты. Ал жылда айтылатын жылу жүйесіне 24 млрд теңге бөлініп, құбырлар жөнделген. Екі жылу қазандығы толық жаңартылған.

Алғашқы жылымыз, әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан оң серпінге ие. Осылай деп сөз бастаған Абай облысының әкімі алдымен өңірдегі инвестициялық өсімге тоқталды. Себебі осы аймақтағы негізгі капиталдың өзі 426 млрд тенгені құрап отыр. Ал 2443 отбасы жаңа баспанада қоныс тойын жасап үлгерген. Енді үш жылда тағы 148 көпқабатты тұрғын үй салынып, 6800 отбасы баспанамен қамтылады. Ал Қарт Семейдің кескін-келбетін жақсарту мақсатында жұмыстар үздіксіз атқарылып келеді, дейді Нұрлан Ұранхаев.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Көпқабатты үйлердің 70-ке жуық ауласы абаттанды. 41 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеті жөндеуден өтті. 9 үйге муралдар салынды. Жамақаев, Мәңгілік ел көшелері бойымен жаяу жүргіншілер жолы, тұтастай қоғамдық кеңістіктер құрылды. Аспалы көпір астында, «көпірасты кеңістіктер» пайдалануға берілді.

Бүгінде Абай облысында жалпы білім беретін 308 мектеп бар. Ал 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» жобасымен 11, білім беру инфрақұрылымын қолдау Қорының есебінен 6 мектеп салынады. Ал қазір жекелеген компанияның қаражатынан 1200 орындық білім ошағының құрылысы басталды.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Биыл 1-ші қыркүйектен бастап Шәкәрім университетінде «Shakarim High School» және Ә.Бөкейхан университетінде «Abay IT-School» мектептері ашылып, облыс жоғары оқу орындарына қосымша 500 арнаулы білім гранты бөлінді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Семей қаласының бас жоспары әзірленуде. Қазірдің өзінде Ертіс өзені арқылы жаңа, төрт жолақты, көпір құрылысы басталып кеткен. Ал қала аумағына тағы да саяжай алаптарын қосу мәселесі қоғамдық тыңдаудан соң жүзеге аспақ.


Тәуірбек Бозекен

Хабарламаларға жазылу