Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында ең алдымен заң және тәртіп қағидаты қоғамда орнықпайынша, қылмыспен, түрлі әлеуметтік дертпен күрес толық өз нәтижесін бермейтініне баса назар аударылды.
Осы орайда, шарада нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің алдағы 2 жылға арналған кешенді жоспары талқыланды. Іске асу барысы пысықталып, лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасының жобасын әзірлеу мәселесі қаралды. Ерлан Қарин қоғам дертіне айналған нашақорлық пен лудоманияға қарсы шаралардың елімізде заң мен тәртіп қағидаттарын түбегейлі орнықтыруға қатысты жұмыстың маңызды бағыты екеніне тоқталды. Кеңес мүшелері осы маңызды іске белсенді азаматтардың барынша атсалысуы - кез келген құқық бұзушылыққа тойтарыс беретін қуатты қоғам қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Кеңес отырысында жыл сайын әзірленетін «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасының жобасы талқыланды. Баяндамада әдеттегідей демография, денсаулық, білім және ғылым, азаматтардың экономикалық іс-әрекеттері және азаматтық-саяси үдерістерге қатысуы сияқты маңызды әлеуметтік өлшемдер көрсетілген.