Астанада күзгі шақырылыммен келген 200 сарбаз ант қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада күзгі шақырылыммен келген 200 сарбаз ант қабылдады

20.11.2023

Еліміздің қарулы күштері тағы да жас сарбаздармен толықты. Биыл Астанаға күзгі шақырылыммен мерзімді қызметін өтеуге келген азаматтар әскери ант қабылдады. Енді құрлық әскерінің сарбаздары бір жыл бойы шыңдалып, бас шаһардың тыныштығын күзетеді.

Астанада Қарулы күштердің 68665 әскери бөлімінің 200-ге жуық сарбазы еліне адал қызмет етуге серт берді. Ант қабылдау рәсімі Отан қорғаушылар монументі алаңында өтті.

Талғат Құлманов, ҚР Қарулы күштері №68665 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

Ер жігіт өз өмірінде Отанға адал қызмет ету жөнінде ант береді. Қобалжу сәті болады. Бірақ біздің сарбаздар оған толық дайын. Бір ай бойы АӘД-тан өтіп, Отан алдындағы сертін беріп, антын қабылдап, әрмен қарай Отан қорғау жолындағы қызметін жалғастыруға дайын.

Қарулы күштер қатарына алынған жауынгерлер енді 1 жыл бойы ел тыныштығы жолында қызмет атқарады. Сарбаздарға жүктелер міндет аз емес. Темірдей тәртіп әрбір азаматты шыңдай түсері анық.

Файзолла Айдарханұлы, сарбаз:

Мен осы 40 күн бұрын Қостанай қаласынан келдім. Енді бүгін әдемі күн болып тұр. ҚР-на қызмет етуге, өз борышымды атқаруға келіп тұрмын. Енді бір жыл бойы өз борышымды өтеймін.

Іс-шараға әскери бөлім қолбасшылары, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен жақындары да қатысты. Жиында Әскери бөлімшенің техникалық мүмкіндіктері де таныстырылды. Еліміздің әр түкпірінен келген жалынды жастар арнайы рәсімнен соң әскери шеру тартты.


Тәуір Бозекен

Хабарламаларға жазылу