Елде демографиялық ахуалды жақсарту үшін қолға алынған қандай жобалар бар? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде демографиялық ахуалды жақсарту үшін қолға алынған қандай жобалар бар?

16.11.2023

Келесі жылдан бастап Ұлттық қордан балалардың шотына ақша аударыла бастайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заң жобасына қол қойды. Енді бала 18 жасқа толғанға дейін арнайы шотта қаражат жинақталады. Оны кәмелет жасына толған соң білім алуға немесе баспана жағдайын жақсарту үшін пайдалануға болады. Демографиялық ахуалды жақсарту үшін қолға алынған тағы қандай жобалар бар? Айя Мүтәлі тізбектеп көрді.

Айя Мүтәлі, Тілші:

1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы шотына аударылады. Қаржы еліміздегі 7 млн-ға жуық балаға теңдей бөлінеді. Ал қаражат доллармен сақталады. Болжам бойынша 2024 жылы туған баланың шотына 18 жыл ішінде 3 мың 500 доллар жиналуы тиіс. Ал жыл сайын шамамен 150-160 доллары аударылады. Шот ашу үшін арнайы органға барудың қажеті жоқ. Жинақ автоматты түрде ашылады. Қаражаттың көлемін онлайн бақылап отыруға болады.

Айбол Арғынғазинов, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры:

Бала қанша жаста болса, сол жастан бастап бағдарламаға қатысады. Басты ерекшелігі балада ҚР азаматтығының болуы. Егер бала ҚР азаматттығын сақтай отырып, шет мемлекетке шығатын болса, баланың жобаға қатысу құқығы сақталады. Егер бала шет мемлекетке көшке кезде ҚР азаматтығынан бас тартатын болса тиісінше жобаға қатыса алмайды.

Айя Мүтәлі, Тілші:

Бұдан бөлек, ата-аналар балаларының болашағы үшін «Келешек» бағдарламасы арқылы өз еркімен арнайы шот ашып, ақша жинай алады. Есепшот ашылғанда мемлекет 60 АЕК мөлшерінде бастапқы капитал салады. Ал ата-ана ай сайын кемі бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаражат құйып отыруы тиіс. Бұл қазір 3450 теңге. Осылайша, бала 18 жасқа толғанға дейін шотында 3 млн 300 мың теңге жиналады. Жарна мөлшері 3 АЕК дейін көбейсе, 7 млн-нана астам қаражат жиналады.

Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бөлінетін кваота соңғы 2 жылда 7 есе көбейді. Шамамен 8 мың әйел жүкті болып, 5 мыңнан аса сәби дүниеге келген. Жоба тағы 7 жылға жалғаспақ. Шамамен 49 мыңнан отбасы балалы болады деген болжам бар.

Хабарламаларға жазылу