20 миллионыншы тұрғынға ерекше туу туралы куәлік берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

20 миллионыншы тұрғынға ерекше туу туралы куәлік берілді

16.11.2023

Талдықорғанда дүниеге келген 20 миллионыншы тұрғынның есімі Айсұлтан. Нәресте Мұхтар мен Диананың төртінші баласы. Мемлекет басшысының арнайы құттықтауын отбасына облыс әкімі Бейбіт Исабаев жеткізді. Кішкентай бөбекке қажетті киім-кешек, әмбебап арбадан бөлек 2 млн теңгенің сертификаты берілді. Айсұлтанның әкесі Мұхтар Әзімбаев Талдықорған әуе базасында қызмет етеді. Ұлды болғанын жұмыста жүріп естіген. Ал баланың еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны екенін білгенде қуанышы тіпті еселене түскенін жасырмайды.

Мұхтар Әзімбаев, Айсұлтанның әкесі:

Өмірімізде бірінші рет мұндай жағдай болып тұр. Өте қуаныштымын. Әлі сене алмай отырмын. Бұдан үлкен екі ұлым бар ғой. Оларды тәрбиелеймін. Еліне қызмет ететін, жұртына қызмет ететін. Үйде менің балам, сыртта осы Қазақстан Республикасының азаматы, халықтың баласы болып өссін деп тілеймін.


Қуаныш Қанатұлы

Жетісу облысы

Хабарламаларға жазылу