Алматы облысында айналма темір жол құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында айналма темір жол құрылысы басталды

14.11.2023

Алматы облысында Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуда маңызы зор инфрақұрылымдық жоба іске асырылып отыр. Теміржол желісінің алғашқы құрылысына Премьер-Министр Әлихан Смайылов қатысты.

Жобаны іске асыру Алматы станциясын айналып өтіп, Жетіген – Қазыбек бек жаңа темір жолына жүк ағынын қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Жалпы, жаңа желі жүктемені 40%-ға азайтып, жүк жеткізу уақытын едәуір қысқартады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылады. Және еліміздегі көлік инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізеді. Іске асыру, жүктерді жеткізу мерзімін екі есе қысқартады. Жобаны жүзеге асыру барысында Қазақстанның үлесі 85%-дан астам болатынын ерекше атап өту керек.

Құрылыс кезінде 1400 адам жұмыспен қамтылса, желі құрылысы аяқталған соң 500 адам тұрақты еңбек етеді. Айналма темір жолдың жалпы ұзындығы – 130 шақырым. Нысан бойында 3 станса, 13 көпір, 5 темір жол және автокөлік өткелі салынады.

Қанат Әлмағамбетов, «ҚТЖ»ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Бүгін біз Алматы торабын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысын бастаймыз. Ол Орталық Азияға, Еуропаға және Каспий теңізі порттарына бағытталған транзиттік жүктердің өтуін жылдамдатады. Бұл желі соңғы уақытта қарқынды дамып келе жатқан Алматы торабын жеңілдету үшін өте қажет.

Отандық өнімнің үздіксіз экспортын қамтамасыз ету және жүк транзитін кеңейту мақсатында Қазақстанда теміржол инфрақұрылымын дамыту бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Мұндай ауқымды жобалар ел экономикасын арттыруға сеп болмақ.

Қалтай Сәмбетов, құрметті теміржолшы:

Бұл жоба өте маңызы зор. Қазақстанның эконмикасының дамуына, оның өсіп-өркендеуіне мол әрі қомақты үлесін қосатын жоба. 

Бүгінгі таңда Алматы торабын басып өтетін жүк 1,5-2 тәулікке кешігеді. Алайда жаңа теміржол желісінің арқасында станса жұмысы айтарлықтай жақсарады дейді құрылысқа жауаптылар.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу