Көру қабілеті нашар тараздық мерген дәстүрлі садақ спортынан үздіктер қатарында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көру қабілеті нашар тараздық мерген дәстүрлі садақ спортынан үздіктер қатарында

13.11.2023

Тараздық Индира Меңілбаеваның көзі нашар көрсе де, республикалық жарыстарда дәстүрлі садақ спортынан үздіктер қатарында. Қайсар қыз дертіне дауа іздеймін деп жүріп кәсіпқой спортшы атанған. Тіпті, Жамбыл облысында алғаш рет садақ ату орталығын ашқан.

Индираның садақ спортына келуіне жүрек ауруы әсер еткен. 24 жыл мектепте еңбек еткен тәжірибелі ұстаздың уақыт өте келе дерті жиілеген. Медициналық тексеріс нәтижесі жүректің жұмыс істеуі әлсіз екендігін көрсетіпті. Дәрігерлер оның бірден бір емі үй жағдайында садақ ату жаттығуын жасау екендігін айтады.

Индира Меңілбаева, дәстүрлі садақ ату орталығының жетекшісі:

Дәрігерге барам, сөйтіп жүргенде кардиологтан бір-ақ шықтым. Ол кісілер маған жүрегіңіздің бір клапоны әлсіз деп айтты. Бұл хабарды есту мен үшін, әрине, ауыр болды. Сонда да оны өзім бірінші қорытып алайын деп ешкімге айтпадым. Өзіңді түсіріп алсаң, сол ауруға берілесің, жетектеп алып шықсаң, сол ауруды жеңіп шығуға болады.
Тағдырдың сынағына сынбаған қайсар әйел садақ атуды лезде меңгереді. Көзі нашар көретініне қарамастан, осы спорттың арқасында ауруынан айығып, аз ғана уақыттың ішінде республикалық жарыста үздік атанады.

Индира Меңілбаева, дәстүрлі садақ ату орталығының жетекшісі:

Мергендіктің негізі екі түрі болады. Көз мерген және қол мерген. Менің көзім алыстан көрмейді. Адамның бетін толық көре алмаймын. Екеуі екі түрлі көреді. Көзім көрмесе де, қыздар арасындағы жарыста бірінші болдым. Енді мен садақ әлеміне жақында келсем де, бұл мен үшін үлкен көрсеткіш деп ойлаймын.
Дәстүрлі садақ спортын дәріптеп жүрген Индираның 20-дан аса шәкірті бар. Небәрі 25 күнде Индираның оқушылары ауқымды жарыстарда топ жарып, жүлде алған.

Темірхан Дарын, оқушы:

Мен бұл жерге анаммен кетіп бара жатқан кезде осы орталықты байқап қалдым. Анам мына жерге кіріп көрейік деді. Сөйтіп менің садаққа қызығушылығым басталды.
Дәстүрлі садақ ату орталығының ашылғанына көп болған жоқ. Осылайша, дертінен айығып қана қоймай, дәстүрлі спортқа ден қойып, жан бітірген нәзік жандының әрекетіне дүйім жұрт тәнті.


Дәурен Доғдырбай

Хабарламаларға жазылу