Дәстүрлі садақ ату спорты мемлекет қолдауына мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәстүрлі садақ ату спорты мемлекет қолдауына мұқтаж

28.11.2023

Елімізде аз уақыттың ішінде трендке айналып үлгерген дәстүрлі садақ ату спорты мемлекет қолдауына мұқтаж. Бекзат өнердің шырағын маздатқан мергендер, жоқтан бар жасап жүрміз деп налиды. 5 жыл бұрын федерация құрылғанымен, ұлттық құраманың қаржылық жағдайы оңбай тұр. Арнайы жасақталған залдың болмауы да мәселені одан бетер ушықтырып жіберген. 

Жазираның атқан жебесінен қайсарлықтың нышаны жарқ етеді. Қаршадай қыздың сүйріктеу саусағы, иілуі қиын адырнаны бұйым көріп тұрған жоқ. Дәстүрлі спортты жанына серік еткеніне бір жыл енді ғана болды. Жетістігі таудай. Ел біріншілігінен чемпион, ал халықаралық сайыстан күміс еншіледі. Ұлттық құрама сапында жүр. Мерген шетелге шығып, біліктілігін шыңдағысы келеді. Оның бұл мақсатына мардымсыз қаржыландыру тұсау салып тұр.

Жазира Ерболатқызы, дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі:

Негізінде мергендер қаржылық жағынан қиналып қалады көбіне. Жолға келген кезде. Біреуі ұшақпен, біреуі пойызбен барады деген сияқты ғой. Ол төленбейді. Әркім өз қалтасынан шығарады көбіне. Шетелге шығып тәжірибе алғымыз келеді. Біз тек өзіміздің жерімізде ғана дайындаламыз.

Елде Жазира сияқты дәстүрлі садақ ату өнерін кәсіби меңгерген 2 мыңдай мерген бар.Тағы 5 мыңға жуық адам әуесқой бағытта шыңдалып жүр. Әлі күнге арнайы жабдықталған зал жоқ. Ұзынды 70-80 метрлік кешендер керек. Бұл тапшылық оқу-жаттығудың сапасын ақсатады.

Қасымхан Қанат, дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі:

Нақты нәтиже көрсету үшін сапалы садақ керек,сапалы дайындық болуы керек. Суық мезгілде дайындалатын алаң болса, біз қазіргі нәтижемізден де жоғары нәтиже көрсетуге барымызды саламыз.

Айым Тілепберген, республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясы вице-президентінің кеңесшісі:

Студенттеріміз, оқушыларымыз күн сайын жаттығуға келгенде 2 мың теңге төлеп кіруі керек. Себебі біз залды арендаға аламыз. Залдың бәрі арендада. Оның ішінен өз қалтамызға ешқандай ақша салмаймыз, федерация ретінде. Неғұрлым әуесқой спорттың өкілдері көп болса, со құрлым ұлттық құраманы жасақтауға мүмкіндік болады бізде.

Қазір елде 15 федерация тіркелген. Ұлттық құрама сапында құралайды көзге атқан 36 мерген бар. Олар садақ пен жебені көбінде шетелден алдыртып жүр.

Жандос Темірғали, тілші:

Бізге садақтың 95 пайызы Түркия мен Мажарстаннан келеді. Өйткені елде садақ жасайтын шеберлер саусақпен санарлық. Қазір менің қолымда Түркиядан әкелінген жай. Мұнымен жарыс кезінде 100 метрге дейін атуға болады.

Дәстүрлі садақ ату федерациясы өзгеге жалтақтамауы тиіс. Сол үшін Ұлттық спорт қауымдастығының құрамынан шығып, өз алдына бөлек федерация болып құрылуы керек дейді мамандар.

Диас Ахметшәріп, ҚР Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі:

Ұлттық қауымдастық арқылы шығып, осы жылдың соңына дейін тезірек аккредитация және федерацияға өтуі керек. Яғни федерация деңгейінде мәртебе алуы тиіс. Сол кезде ғана өз тарапымыздан оны толық көлемде қаржыландыра аламыз.

Түрлі кедергіге қарамастан садақшылар байрақты бәсекелерде үздік нәтиже көрсетіп жүр. Қазір олар аядай тар жерде келер жылы өтетін 5 дүниежүзілік көшпенділер ойынына тынбай дайындалып жатыр.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу