«Шахмат керуені» республикалық жобасының жеңімпаздары Түркістанда анықталды. Екі ай бұрын Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен басталған турнирдің гранд-финалы рухани шаһарда жалауын көтерді. Керуен осы уақыт аралығында еліміздің 18 аймағында әуесқойлар арасында блиц-турнир өткізіп, жартылай финалдың үздіктерін іріктеді.
Шахмат додасының финалына 60 үздік ойыншы қатысып, бағын сынады. Ең жасы 8-де болса, үлкені 60-тан асқан. Елімізде шахматты дамыту мен аудан-ауылдарда ақыл-ой мектебін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жобаның жүлде қоры да қомақты. Бірінші орын алған ойыншы 5 млн теңге жеңіп алса, екінші орынға – 2,5 млн, үшінші орын алған спортшыға– 1 млн теңге табысталды. Сондай-ақ, әйелдер, жасөспірімдер мен ардагер ойыншыларға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат табыс етілді.
Марат Есенов, ҚР Шахмат федерациясының вице-президенті:
Негізгі мақсатымыз – тұтас елде, түкпірлердегі ауылдарда осындай таланттарымыз бар. Байқасаңыздар, бүгінгі қатысушылардың, финалистердің көпшілігі жастар. Ол бізді қуантады. Келесі жылы да осындай жарыстарды жалғастыруды ойластырып жатырмыз.
Айнұр ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ