Газа тұрғындарының басым бөлігі үйлерін тастап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Газа тұрғындарының басым бөлігі үйлерін тастап кетті

09.11.2023

Израиль әскері Газа секторын түні бойы бомбалады. Осының сандарынан босқындар саны көбейіп келеді. Өткен тәуліктің өзінде бұл палестиналық анклавтың солтүстігінен оңтүстігіне 50 мыңдай тұрғын қашыпты. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Газа тұрғындарының басым бөлігі үйлерін тастап кетті

Бұл жеткіншектер мен олардың ата-аналары және мысықтары - Израильдің әуе соққыларынан қашқандар санатында. Олар ЦАХАЛ армиясы қоршап алған Солтүстік Газадан оңтүстікке үдере көшкен сан мың адаммен Хан-Юнус лагеріне жетіп отыр. Харбтар отбасының ересектері өздерінің аман қалғандарына шүкіршілік етіп отырса, олардың балалары үшін бір марғаудың жоғалып кеткені үлкен уайымға айналғандай.

Рихам Ынтызар Харб, Палестиналық босқын:

«Бізде Симсим, Брауни, Лиза есімді мысықтар ғана қалды. Ал Карамель деген мысығымыз әз-Захра мұнарасы бомбаланғанда жоғалып кетті. Бізде адамдармен бірге жануарлар да аштыққа ұшырап жатыр».

Израиль-Хамас соғысы қазанның 7-де басталды. Содан бері Газа секторындағы 2,3 миллион адамның үштен екі бөлігі үйлерін тастап кеткен екен. Олар түскейге қоныс аударып, мектептерге, ауруханаларға және өзге де мекемелерге қоныстанып жатыр. Бірақ ол жерлерде адам тым көп, оның үстіне санитарлық жағдай өте нашар. Сондықтан, бастарын қауіпке тігіп, солтүстіктегі қираған үйлеріне оралып жатқандар да бар. Солардың бірі – Рамзи Куллабтың отбасы.

Рамзи Куллаб, Газа тұрғыны:

«Біз әрине балаларымыз үшін қорқамыз. Дегенмен, екі жамандықтың бірін таңдауға мәжбүрміз. Ауру адамдардың ортасында, нашар жағдайда тіршілік қылғаннан құлаған үйіміз қайтқанымыз артық сияқты».

«Ассоушиэйтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, Израиль авиациясы Газа қаласын түні бойы бомбаласа, жаяу әскері қала кварталдарында хамастықтармен шайқасып жатыр.

Соңғы мәліметке қарағанда, бұл соғыстан бір айда Газада 10 жарым мыңдай адам қаза тауыпты. Сол құрбандардың 40 пайызы - балалар. Және де 2300-ден астамы үйінділер астында қалып қойған.

Израиль болса, 1400-дей бейбіт тұрғын жоғалтып, 240 азаматын кепілдіктен шығара алмай жатыр. Израиль сол азаматтары босатылғанша, палестиналық анклавты шабуылдауды тоқтатпайтынын ескертіп отыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу