Түркияда орман өртімен күрес сегізінші күнге ұласты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда орман өртімен күрес сегізінші күнге ұласты

04.08.2021

Түркияның оңтүстігінде орман өртімен күрес сегізінші күнге ұласып отыр. Бұл операцияға ұшақтар, тікұшақтар және жүздеген ерікті тартылды.

Лапылдаған жалын 30-дан астам провинцияда жасыл желектер мен ондаған мың гектар алқапты шарпыды. Солардың ішінде туристік Анталия мен Бодрум да бар. Бір Мұғла провинциясының өзінде 10 мыңнан астам жергілікті тұрғын мен турист эвакуацияланды.

Дегенмен, 156 өрт ошағының басым бөлігі сөндіріліп, қазір олардың 11-ін өшіруге күш салынып жатыр. Өткен аптадан бері бұл апаттан Түркияда 8 адам қаза тапты.

Ал, Грекия астанасы Афины айналасындағы ормандарда лаулаған орман өрт үйлерге жақындап, мыңдаған адам үйлерін тастап кетті. Соңғы 24 сағатта бұл ауданда 81 от ошағы анықталған. Оларды сөндіруге 500-дей маман мен техника жұмылдырылып жатыр. Бірнеше ғимарат зақынданғанымен, құрбандар туралы мәлімет түскен жоқ.

Айта кетсек, бүгінде аптап ыстықтан Италия мен Албанияда да талай гектар аумақ күлге айналып отыр.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу