Жамбыл облысында астан ұшынған оқушылардың жағдайы қалыпты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында астан ұшынған оқушылардың жағдайы қалыпты

08.11.2023

Жамбыл облысының Байзақ ауданында астан ұшынған 58 оқушы мен екі мұғалімнің жағдайы қалыпты. Барлығы 35 адам ауруханада жатыр. Өзгелері үйлеріне қайтарылды. Ал Сарыкемер ауылындағы мектепке азық-түлік жеткізетін серіктестікке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Данияр Әлімқұл тарқатады.

Киікбаев гимназиясының бірінші ауысымында оқитын бастауыш сынып оқушылары асханада тамақтанған. Түске таман үйлеріне жеткенде жүректері айынып, жайсыз сезінеді. Артынша 48 адам аудандық ауруханаға жеткізіліп, 35-і жатқызылды. Қазір 33 оқушы мен 2 мұғалім ем алуда.

Жадыра Есбосынова, тұрғын:

Тамақ жеген асханадан. Кеше мектептен келгеннен кейін жеті жасар қызым құсып бастады. Құсқанын қоймады. Кеше қатты ауыр жағдайда болды.
Ал бүгін тағы 10 оқушы медицина мамандарына көрінуге мәжбүр болды. Жағдайлары жақсы болғандықтан үйлеріне қайтарылды. Ал гимназияда 2 мыңнан аса оқушы білім алады, сол күні 440 бала асханада тамақтанады. Аудан ақ халаттылары үй-үйді аралап, ас ішкен барлық баланы тексердік дейді.

Жандос Рысқұлов, Байзақ аудандық орталық аурухананың бас дәрігері:

Бір-бірден келіп, одан кейін жиі келе бастады. Бүгінгі жағдайы тұрақты, шағымдары жоқ. Іш өту, жүрек айну, құсу бәрі жоқ. Температура норма. Түнгі сағат үшке дейін 350 бала көрінді. Олар үйінде, жағдайлары бәрі жақсы.

Ал мектеп директоры оқушылар асханадан уланды деуге дәлел жоқ дейді. Өйткені өзі де түстенген. Ал білім ошағына азық-түлік тасымалдайтын жеке кәсіпкерге шаң жуытпады.

Гүлбаһрам Ермекова, Н. Киікбаев атындағы мектеп гимназия директоры:

Қаңтар айынан бастап, жыл басына дейін жұмыс атқарады. Ал енді оған дейін арыз-шағым болған емес. Қанша миллионның тендерін алды? Ол маған белгісіз.
Кәсіпкерге қатысты іс қозғалды

Асхана уақытша жабылды. Азық-түлік жеткізумен айналысатын «Тоқсейітов» атымен тіркелген кәсіпкерге қатысты іс қозғалды. Ол биыл гимназиядағы 920 баланы аспен қамту үшін 245 млн теңгеге тендер ұтқан.

Нұржан Календеров, Облыс әкімінің орынбасары:

«Тоқсейітов» жеке кәсіпкері облыс бойынша 82 мектепке қызмет көрсетеді. 25 мыңнан астам балаға тамақ беріп келе жатыр. Енді қазір бірдеңе деп айтуға болмайды. Себебі көбісі күріштен жасалған тағам жесе, кейбірі оны жемеген. Сол себепті нәтижесін тексеру көрсетер.
Әзірге балалардың нақты неден ұшынғаны белгісіз. Тексеріс қорытындысы 10 күнде белгілі болмақ. Жалпы, биыл облыстағы 445 мектепті ыстық тамақпен қамтуға 7 млрд теңгеге жуық ақша бөлінген. 40-қа жуық кәсіпкер осы қаржыны игеріп отыр.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу