Елордалық тұрғындар ақылы автортұраққа наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық тұрғындар ақылы автортұраққа наразы

06.11.2023

Елордада мереке және демалыс күндері де автотұрақтың ақылы болғанына бір айдан асты. Тұрғындар ұлтарақтай жерге ақша төлесек те айыппұл арқалай береміз деп қапалы. Ал жауаптылар қаладағы көлік кептелісін азайту үшін ақылы тұрақтарды әлі де көбейтеміз деп отыр.

Бауыржан Күмісбеков, Қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:

Қазіргі таңда біз автотұрақты демалыс күндері ақылы қылдық. Бірақ сол үйдің ақылы автотұрақ орналасқан шекарасындағы тұрғындарға 1 қазаннан бастап тегін қылдық. 

Алайда, астаналықтар тегін болады деген тұраққа әлі де теңге төлеп келеміз дейді. Ал қас қарая бастағанда көлік қоятын орын таппай қалады екен.

Елордада ақылы тұрақтардың пайда болғанына бес жылға жуықтады. Көлік кептелісін реттейді деген жобаның шешіп берген мәселесі аз. Керісінше, тұрақ таппай жүрген көлік пен айыппұл арқалаған жүргізуші көбейген.

Бауыржан Күмісбеков, Қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:

10 минут толығымен тұрсаңыз, 10 минутты белгілеу керек. 15 минут тұрсаңыз, 15 минут белгілеу керек. Кейібіреулер соны 15 минут тұрып, 10 минутты белгілейді. Содан айыппұл арқалайды. Айта кетерлік жағдай, ондай жағдайда сіз сол мезетте, сол кезде төлеуге міндетті емессіз. Сіз сол күні түнгі сағат 12:00-ге дейін төлеп кетсеңіз, сізге ешқандай айыппұл салынбайды.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, ақылы тұрақ орнатылғалы елордалық жүргізушілер 250 млн теңге төлеген. Ал сағатына 100 теңге беруден жалтарғандар 2 млрд айыппұл арқалапты.

Тәуірбек Бозекен, тілші:

Қазір Астанада 7200 ақылы автотұрақ бар. Сағатына 100 теңгеден. Енді есептеп көріңіз, автотұрақтан сағат сайын 720 мың, тәулігіне 17 млн 280 мың, ал айы сайын шамамен 50 млн теңге түсіп отыр. Оның 75 пайызы тұрақ иелерің қалтасына, қалған 25 пайызы мемлекет бюджетіне тиесілі. Ал 2022 жылдың аяғына дейін ақылы автотұрақтан түсетін қомақты ақшаның 95 пайызы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қалтасына кетіп отырған.

Бір қызығы, сағат сайын 100 теңге алып отыратын мекеме ешбір көліктің қауіпсіздігіне жауап бермейді. Машинаңызға ұры түсіп, өртке оранса, тек полицияға хабарлайсыз.

Ақмарал Палмаханова, адвокат:

Дүниежүзілік практикада орын алған нәрсе ашық автотұрақтарға байланысты қандай елде болмасын, оның материалдық келтірілген залалы үшін жауап беруге міндетті емес. Бұл тек жүргізушілердің арнайы өздерінің ыңғайына қарастырылып жасалған мәселе.

Астана қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы жыл соңына дейін ақылы автотұрақ саны 10 мыңға жетеді деп отыр. Осы арқылы қаладағы автомобиль санын қысқартып, тұрғындарды тек қоғамдық көлікті пайдалануға жұмылдырамыз дейді.

Тәуірбек Бозекен


Хабарламаларға жазылу