Президент: Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек

05.11.2023

Батыспен байланыс күшейген сайын «Азия ғасыры» деген тіркесті жиі қолданып келдік. Енді оған «Түркі дәуірі» қосылды. Дәлірек айтқанда, Азиядағы шешуші аймақтарды бір біріне жалған жатқан бауырлас халықтар жаңа ұран көтерді.

Түркілердің жаңа ғасыры туып келе жатқанын паш етті. Жаһанға жария қылды. «Түркі дәуірі» деген Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қазақстан ұсынған ұран. Өзге жұрт ұқсын деп ағылшынша «TURKTIME» атадық.

Саммитке төрағалық еткен Қасым-Жомарт Тоқаев ұранның мәні мен астарын талдап берді. Ол жайлы сәлден соң сюжетте айтылады.

Қазақстан ұйымға төрағалығы кезінде Түркі интеграциясының өзекті мәселелерін шешуге мүдделі. Әсіресе ұйымға мүше мемлекеттермен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға басымдық берілмек. Яғни, бұған дейін консультативтік сипатта ғана жұмыс атқарған Кеңестің алдыңғы жылы ұйымға айналғаны да осыны меңзеген еді. Астанада өткен мерейтойлық саммит жаңа бағыттарды нақтылауға мүмкіндік берді. Бұл орайда Транскаспий дәлізінің рөлі артатыны түсінікті. Түркілер үшін жаңа белес. Жиында сөз алған әр Президент қазіргі күрделі геосаяси ахуалды айналып өтпеді. Ортақ мүдде де сол: кешенді әріптестік. «Кез келген дағдарыс – мүмкіндіктер кезеңі» деп жиі айтылады. Қазақстан да осы процесстерде негізгі рөлді атқаруға мүдделі екені байқалады. Өйткені таңдаған саяси стратегиясы қазір біразына жағып тұр. Осындайда Уинстон Черчилльдің әбден жатталып қалған сөзінен артық мысал келмейтіндей: «Ұлыбританияның мәңгі достары не жауы жоқ, бірақ тұрақты мүддесі бар».

Ресми Астананың осы аптадағы ғана емес, соңғы уақыттағы позициясы да соған саяды. Ал Қазақстанның ұстанымы Түркі әлеміндегі саяси риторикаға да ықпал ете ала ма? Ұйымға мүше елдердің мүдделері ортақ болғанымен, әрқайсысының жеке қызығушылығы бар екенін де ұмытпау керек.

Дегенмен, осы саммит алдында Қазақстан, Өзбекстан мен Түркіменстан ең өзекті «су мәселесі» бойынша жаңа келісімге келе алғанын жақсы белгі деп қабылдадық. Үш ел Сырдария мен Әмудария каскадындағы қоймалардың жұмыс режиміне сай дариядан алынатын судың шекті мөлшерін бекітті.

Оған сай, Шардараға 1 сәуірге дейін 11,1 текше шақырым су келеді. Ал «Достық» арнасында көрсеткіш 487 млн текше метрге жетуге тиіс. Бұл көлем Түркістан және Қызылорда облысына қажетті суды жинақтауға, одан кейін Аралға 1,6 млрд текше метрін жіберуге мүмкіндік береді.

Ал Астанада өткен мерейтойлық саммитте қандай мәселелер көтерілді? Тілшіміз тарқатсын.

Түркі мемлекеттері ұйымының X саммиті негізі Түркістанда өтуі керек еді. Алайда бауырлас елдердің басшылары Астанада бас қосты. Ақордада өткен мерейтойлық жиынға ұйымға мүше Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан президенттері тегіс жиналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі. Түркі ықпалдастығын тереңдету – ортақ мұрат. Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі.

Құрылымға Өзбекстан төрағалық еткен еді. Енді тізгін Қазақстанға өтті. Төраға ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 10 жылдың басымдықтарын айқындап берді. Мәселен, биылғы саммиттің "Turkтime", яғни "Түркі Дәуірі" деген ұранмен өтуі бекер емес. ГРАФИКА: Президент осы сөздің әр әрпіне негізделген сегіз бағытты көрсетті. Ол салт-дәстүр, біріздендіру, реформалар, білім, сенім, инвестиция, медиация мен энергия. Яғни ұйым алдағы уақытта осы салаларда ұйысуы тиіс.

Жанат Момынқұлов, саясаттанушы:

Тек стратегиялық қана емес, сыртқы саяси, идеологиялық, экономикалық, және геосаяси салмағы бар. Мұның бұлай айтылып отырған себебі жан-жаққа сигнал. Және де түркі мемлекеттерінің өз болашағын тәуелсіздігін қауіпсіздігін жалпы экономикасын бірге дамытқысы келетінінің айғағы.

Иә, Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым елдері қатар дамуы керек.Сондықтан әлемнің үздік университеттері филиалдарын түркі елдерінде ашып, ауқымды реформалардың көмегімен, өз-ара сауда-экономикалық байланыстарымызды бекемдеуіміз қажет деді. Осы ретте, ортақ нарыққа еркін шығып, тауар айналымын арттыру үшін мемлекеттік стандарттарды біріздендіру көзделіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бірыңғай стандарттар ішкі жалпы өнімді жыл сайын шамамен 1 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Қазір елдеріміздің ішкі жалпы өнімі 1,4 триллион долларға жуықтады. Биыл ұйым мүшелері арасындағы тауар айналымы 22 миллиард доллардан асты. Ортақ талаптар бекітілсе, бұл көрсеткішті 1,5 есе ұлғайтуға болады.

Ортақ талаптар ғана емес, Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының тулары мен эмблемаларын да бір үлгіге келтірген жөн деді Тоқаев. Шахтадағы кеншілердің қазасына қайғыра көңіл айтқан Режеп Тайып Ердоған да ағайындардың бірлігін арттыру үшін бұл ұсыныстарды қолдап отыр. Тіпті түркі әлемі ортақ әліпбиге көшуі қажет дейді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Біз тіліміз, мәдениетіміз бен тарихымызға негізделген адами қарым-қатынасымызды арттыру үшін жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға күш салып жатырмыз. Әрине, бірлігімізді нығайту үшін тілдің маңызы зор. Бірыңғай әліпби де маңызды құрамдас бөлік және бұл жерде президенттердің қолдауы маңызды.

Әр салада демеудің мәні артып жатыр. Әсіресе әлемдік жағдай ушығып, өзгелері бір-біріне оқ жаудырып жатқанда түркі әлемі жұдырықтай жұмылуға ниетте.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі. Қару-жарақ және есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек.

Бақылаушы ел Мажарстанның премьер-министрі де жауласқан тараптарды дипломатияға шақырды. Тіпті, өзі Еуропалық одақтың құрамында бола тұра, Украинада соғыс отын тұтатып отырған әріптестерін сынға алды.

Виктор Орбан, Мажарстан премьер-министрі:

Қазір Еуропа Украинаға қару береді. Соғыс жалғасып жатыр. Украина жеңеді, Ресей жеңіледі деген жоспар болған. Бірақ ол орындалмай келеді. Еуропа саясаткерлері қазір мынандай мәселелерге тап болды: Бізде «Б» жоспары бар ма? деген. Кейбір елдер қазіргі саясатты жалғастырайық дейді, басқалары екі тарап ортақ мәмілеге келсе дейді. Біз «Б» жоспарын қалаймыз.

Түркі әлемінің «Б» жоспары бар ма? Түркі мемлекеттері ұйымының экономикалық мәселелерді көбірек талқылағанына қарағанда, бар деуге келеді. Ендігі жылдан бастап түркі ұйымына ортақ инвестициялық қор жұмысын бастайды. Оған әр ел 100 миллион доллардан салып отырмақ. Ал жиналған қаржыға бауырлас елдер бір-бірін қолдап, экономикалық жобаларды бірлесіп іске асырмақ. Осы орайда өзбек тарапының ұсынысы бар.

Шавкат Мирзиеев, Өзбекстан президенті:

Елдеріміз арасындағы өндірістік кооперацияны дамытып,ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін Түркі даму банкін құруымыз керек. Бұл қаржылық мекемені Ташкентте ашуға дайынбыз.

Жанат Момынқұлов, саясаттанушы:

Бұл енді өте орынды бастама. Өйткені қазіргі экономикада қаржыларды басқару өте маңызды. Жобалар өте көп. Басымдық берілер түркі әлемінің өзегін құрайтын негізгі-негізгі мәселелерін шешіп беретін логистик, транс каспий, ақпараттық алаң сияқты жобаларды жүзеге асыру үшін осындай қаржы ұйымдары қажет.

Саммит қорытындысы бойынша 12 маңызды құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Астана актісі мен саммит декларациясы бар. Әрі 2023-2027 жылдарға арналған көлік байланысы бағдарламасы бекітілді. Ал 6 ақпан – Табиғи апаттар құрбандарын еске алу және Түркі мемлекеттері ұйымының ынтымақтастығы күні деп белгіленді. Келесі 11-саммит алдағы жылы Қырғызстанда өтпек.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу