Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

03.11.2023

Елордада мәнерлеп сырғанаудан Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир басталды. 

Отандасымыз, мәнерлеп сырғанау спортының жұлдызы Денис Тен көзі тірі болғанда биыл 30 жасқа толар еді. Әлемнің 23 елінен келген 90 спортшының арасында Денис Теннің достары да бар. «Барыс Арена» мұз айдынында өтіп жатқан халықаралық турнирде спортшылар бүгін еркін бағдарламамен өнер көрсетіп, жұптасып сырғанады.

Халықаралық конькишілер одағы Челленджер сериясындағы сайыс елімізде осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Турнир кезінде юниорлар мен ересек спортшылар арасында жекелей сын мен мұзда билеуден үздіктер анықталып, ISU рейтингінің ұпайлары үлестіріледі. Көрермендер тегін тамашалауға болатын жарыс ертең кешке қайырымдылық гала-концертпен аяқталады.

Ирина Жук, Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

Бұл турнирге менің тәлімгерлерім алғаш рет қатысып отыр. Мұндай жоғары деңгейлі шараның Денис Теннің құрметіне ұйымдастырылатыны құптарлық, әрине. Өйткені ол бірегей адам, бірегей спортшы болған еді. Оның бұл дүниеден мұнша ерте өткені қабырғамызды қайыстырады.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу