Алматы облысында тұрғын үй жарылып, екі адамды күйік шалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында тұрғын үй жарылып, екі адамды күйік шалды

03.11.2023

Алматы облысында тұрғын үй жарылып, екі адамды қатты күйік шалды. Олар жансақтау бөлімінде жатып, жуырда ғана ес жиған. Баспанасынан айырылған отбасы оқыс жағдайға елді мекенді газбен қамтитын жеке компанияны кінәлап отыр. Алайда, компания тарапы мұнымен келіспейді. Неліктен? Мәселенің мән-жайын тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес анықтады.

Оқыс жағдай қыркүйек айының 17-іс күні, таңғы сағат 8-де болған.

Гүлфара Әбілғазина, жарылыс болған үйдің иесі:

Сол күні мен үйде болған жоқпын. Ол күні мен қалаға кеткенмін. Көршілеріміз таңертең звондап, үйлеріңіз жарылып кетті. Екі бауырыңызды жедел жәрдем қызметі ауруханаға алып кеттті деген соң, біз қызымыз екеуіміз таксимен келдік. Келсек мына жерде адамдардың бәрі жиналып тұр екен.

Жарылыстан үйдің екі бөлмесінің шатыры опырылып жерге түскен. 62 және 58 жастағы екі азаматты қатты күйік шалып, Ұзынағаштағы аурухананың жансақтау бөлімінен шыққан.

Римма Әбілғазина , жарылыс болған үй иесінің қызы:

Бір ағам 60 пайыз, біреуі 50 пайыз. Олардың қолдары күйген. Олар енді ештеңе істей алмайды. Қасықпен тамақ беретін жайдайға келдік. Кішкене жазылғаннан кейін аяғының терісін алып, қолына салды.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қаңқасы ағаш пен қамыстан көтерілген үйдің қазіргі жағдайы міне, осындай. Қабырғалары құлап, терезелері сынып, ішіндегі жиһаз бен техникаға зақым келген. Сараптама жүргізген жеке компания баспананы апатты деп танып, қалыпқа келтіру мүмкін емес деген қорытынды шығарған.

Оқыс оқиғаға газ қысымының шамадан тыс жоғары болуы себеп болды дейді, зардап шеккен отбасы. Оны көршілерді де растап отыр. Ал ауылды көгілдір отынмен қамтып отырған жеке компания өкілдері газдың қысымы ол күні талапқа сай болды дейді. Апаттың орын алуына тұрғындардың техникалық ережелерді сақтамағаны себеп болуы мүмкін екенін алға тартты.

Қазбек Ғабиден, компания директоры:

Бұл жақта газ тарататын арнайы жәшік бар. Қысым қатты болатын болса қасында тұрған үйлер жарылып кететін еді. Есептегіш құралдары ісіп, шлангаларын үзіп жіберетін еді. Біз білмейміз, сараптама жасалмай ештеңе айта алмаймыз. Бұл кісілер де газ плиталарын қосып қалдырып кетті ме деген болжам бар.

Жамбыл ауданында 29 ауылды газбен қамтамасыз етіп отырған компания өкілдері мұндай оқиға алғаш рет тіркеліп отырғанын алға тартты. Ал оқиғаға қатысты сараптама нәтижесі қараша айының соңына қарай белгілі болады. Соған қарамастан, жеке компания 28 миллион теңге шығынды өтеп берді.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу