Ақтөбеде жанармай таситын көлік жарылып, үш адамды күйік шалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде жанармай таситын көлік жарылып, үш адамды күйік шалды

13.09.2018

Оқиға қала маңындағы  «Sinooil» компаниясының қоймасында болған. Ондағы қызметкерлер жедел жәрдемнің келгенін күтпестен зардап шеккендерді ауруханаға өз күштерімен жеткізген. Төтенше оқиғаға қатысты  арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталды.

Оқыс оқиға мына  менің артымда тұрған мұнай өнімдерін сақтайтын қоймада болған. Түс мезгілінде жанармай таситын көлікке АИ-92 маркалы бензин құйылып жатқан кезде аяқ астынан  өрт шыққан. Салдарынан жүргізуші мен екі оператор зардап шекті. Соңғы екеуінің жағдайы ауыр көрінеді.

Мекеме аумағына кіруге рұқсат жоқ. Зардап шеккен азаматтар күндіз-түні дәрігерлердің бақылауында. Жарылыс кезінде көлік жанында болған 53 жастағы әйелдің денесінің 90 пайызы күйіп қалған. Екіншісінің де жағдайы мәз емес. 

Сәкен Қапанов, облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

- Ер адам 30 жаста. Оның денесінің 50-55 пайызын күйік шалған. Екеуінің жағдайы ауыр. Ем алып жатыр. Кеше Астанадан санавиациядан  маман келіп, бірге қарап, диагнозы қойылды. 

Жарылыстың неден болғанын көлік жүргізушісінің өзі де нақты айта алмай отыр. Бәрі кенеттен болды дейді. Оның беті мен қолы күйіп қалған. 

Болат Сәрсенов, көлік жүргізушісі:

- Ол қашып бара жатқанда киімдері лаулап жанып жатты, жабысып. Мен «қашпа» дедім. Жүгіріп, сөндіре бастадым, өзімнің үстімдегі курткам өртене бастады. Артыма қарасам, әйел адам өртеніп жатыр. Жүгіріп барып, оттан алып шықтым.

Жүргізушінің айтуынша, компанияның өрт сөндірушілері жалынды лезде ауыздықтапты. Қазір оқиғаның себеп-салдары тексеріліп жатыр.

Бауыржан Оразаев, облыстық Еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

- Апаттың себебін комиссия тексереді.

Анығы, өртенген көлік Қытайда құрастырылған. Жаңа техника. Оқиғаның жай-жапсарын тексеріп жатқан комиссия он күн ішінде қорытындысын жария етпек.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу