ДДСҰ Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ДДСҰ Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтады

02.11.2023

Сенатта Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасында ынтымақтастықты дамытуға қатысты құжат мақұлданды. Осы заң аясында халықаралық ұйым тарапынан елімізге сараптамалық, әдіснамалық және техникалық қолдау көрсетіледі. Ұлттық денсаулық сақтау жүйесін халықаралық стандарттарға сай дамытуға көмектесуді жалғастырады. Сондай-ақ, жоғары технологиялық-медициналық қызметтерді енгізуге және осы саланың мамандарын даярлауға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік туады. Қазақстан 1992 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі және Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі 53 елді қамтитын Еуропалық аймаққа кіреді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы – жаһандық маңызы зор, беделді халықаралық институттардың бірі. Бүгін мақұлданған заң Қазақстан Республикасы мен осы Ұйым арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі. Сондай-ақ, Еуропалық өңірлік комитетінің сессиясында қабылданған шешімдер отандық медицина саласының дамуына да оң әсерін тигізеді деп сенеміз.

Жас дәрігерлерге 9 млн теңгеге дейін қаржы беріледі

1 қаңтардан бастап ауылға барып, жұмыс істейтін жас дәрігерлерге берілетін үстемақы мөлшері өседі. Берілетін қаражат 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінен 2500-ге дейін көтеріледі. Яғни, бұған дейін жас дәрігерлер 5 млн теңге төңірегінде үстемақы алса, енді қаражат көлемі 9 млн теңгеге дейін өсті. Айта кетейік, аталған үстемақы жас мамандардың баспаналы болуына, жалпы әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу