Ақтөбеде 156 жыл бұрын негізі қаланған жәрмеңке жұмыс істеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 156 жыл бұрын негізі қаланған жәрмеңке жұмыс істеп тұр

31.10.2023

Ақтөбе облысында осыдан 156 жыл бұрын ашылған сауда ғимараты қазір де жұмыс істеп тұр. Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарлары сәулет өнерінің ерекше үлгісіне жатады. Өйткені, оның қабырғалары жергілікті саз балшықтан құйылып, домна пештерінде күйдірілген. Әлі күнге дейін сыны кетпеген. Қазір бұл жерде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп тұрады.

Көкжарда кезінде Қазақ жеріндегі атақты үш жәрмеңкенің бірі болған. Тарихшылардың айтуынша, бір біріне қарама-қарсы салынған 400-500 метрге созыла салынған сауда ғимараттарының үлкен бөлігі сол күйінде сақталған. 1,5 ғасыр бұрын Хиуа, Бұқара, Қарақалпақстан және Ауғанстан мен Ираннан келген саудагерлер қазақ даласына таңсық тауар түрлерін әкеліп сатқан.

Дулат Исабаев, Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық музейінің ғылыми қызметкері:

Бұл 400-500 метр ұзындықта салынған ғимарат. Ғимараттың әрбір бөлігінде 18 есіктен, ал басқа, келесі бетте тағы орналасқан. Бұл құрылыстың әлі күнге дейін сақталуы, табиғаттың тылсым күштеріне төтеп беру себебі – ағылшындардың алғаш келген, технологиясының өте жоғары екендігінде. Ал тастарының барлығы Ойылдың домна пештерінде соғылған».

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл ғимарат 1867 жылы пайдалануға берілген. Содан бері халық игілігіне қолданылып келеді. Бір ерекшелігі, бұл нысанның қабырғасы ғана емес, төбесі де таспен қаланып, жабылған.

Сауда қатарларының ұзақ уақыт қараусыз қалғаны да рас. Алайда, шамамен 20 жыл бұрын жөнделіп, ел игілігіне берілді. Көкжар жәрмеңкесі кезінде тек сауда-саттықтың ғана емес, өнердің де орталығы болған. Белгілі ақын-жыраулар, күйшілер мен әншілер осы жерде бас қосқан.

Нұрлыбек Қалауов, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын:

Өнер жарыстары, ат өнерінің жарыстары, палуан күресі, тағы басқасы осы жерде дамыды. Және Қазақстан бойынша жәрмеңкенің мынадай сауда қатарлары тек қана осы Ойылда. Қазақстан бойынша жәрмеңкелер көп болғанымен, олардың ізі,орны, белгісі қалмаған.

Тарихи нысан қазір де қолданыста. Демалыс күндері бұл жерде ауыл шаруашылығы өнімдері саудаланады.

Мұса Әділбайұлы, ауыл тұрғыны:

Сауданың қайнап тұрған уақыты, соның ізі деп білеміз. Өте тарихи ғимарат болғандықтан жан-жақтан қызығушылар көп келеді.Қарайды, қызығады, зерттейді кейбіреулері.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ал бұл Ойыл орталық мешіті. Салынғанына 130 жыл болған. Қабырғаларына қаланған кірпіші жергілікті саз балшықтан құйылған. Ал ағаштары Орынбордан әкелінген.

Бұл тарихи нысандар тек ауыл тұрғындары үшін ғана емес, аймақ жұрты үшін қастерлі. Тіпті, алыстан арнайылап келіп, тамашалайтындар да аз емес.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу