Астананың жарықсыз қалу себебін арнайы комиссия анықтайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың жарықсыз қалу себебін арнайы комиссия анықтайды

30.10.2023

Түнде Астанадағы бірнеше аудан жарықсыз қалды. Әсіресе, оң жағалау. Жарықпен бірге су тоқтап, бағдаршамдар істен шыққан. Кептеліс пен жол қауіпі күшейді. Тіпті, аурухананың өзі тоқтан ажырады. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек елден кешірім сұрап, электр қуаты шахмат тәртібімен қайта қосылып жатыр деген. Қосылды да, қазір елордада түгел жарық та, басқасы да бар. Бірақ, мұнымен мәселе түбегейлі шешілді ме? 

Наурызбек Байтұяқов, «Астана-АЭК» АҚ диспетчерлік қызмет орталығының басшысы:

Нақтырақ бұл оқиға - екінші және үшінші жылу электр орталықтарының арасында болған. Төтенше жағдай жетекші желілерде болды. Апатқа себеп – кабельдің үзілуі және шкафтардың бірінің өртенуі. Бұдан әрі қауіп өспес үшін авариялық сөндіру болды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар растап отыр. Кеше түнде нөмірі бірінші көпсалалы аурухана электр желісінен ажыраған. Салдарынан қызметкерлер науқасты жансақтау бөліміне лифтісіз, баспалдақпен көтерген. Абырой болғанда науқастың көрер жарығы бар екен. Жағдайы қалыпты. Ал мұндай әлеуметтік маңызы бар нысандар төтенше жағдайда жеке-дара электр желісімен қамтылуы тиіс емес пе?

Нұрлан Нұркенов, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары:

Кешегі ауруханада түсірген видеоны бізде көрдік. Бірақ тек ғана реанимация мен операциялық блог дизель генераторын қолданады. Барлық әлеуметтік мекемелерде дизель генератор міндетті түрде бар».
Ал электр энергетикалық қауымдастық төрағасы Арман Телевтің айуынша, әлеуметтік маңызы бар нысандармен қатар, басқа да ғимараттар мен көпқабатты тұрғын үйлерде де үздіксіз қуат көзі болуы міндетті. Бірақ бәрі де бірдей талапқа сай деуге келмейді. Қуат көзі болғанның өзінде қашан сынақтан өткені, дизиель отынының бар-жоғын анықтап жатқандар аз дейді сала сарапшысы.

Арман Телев, Электр энергетикалық қауымдастық төрағасы:

Қазір күн жылы кезде сөнгені жақсы болған екен дедім. Себебі, бұл қазіргі дайындықты көрсетті, көп нәрсенің бетін ашты. Көп әлеуметтік нысандардың өздері салғырт қарайды да электр энергия саласына. Біз анау ауырып болғаннан кейін ауруханаға бармай, аурудың алдын алатын шараларды көбірек іске асыруымыз керек.

Енді бұдан былай елімізде жылу-электр орталықтарында апат тіркелсе айыптыларға айыппұл еселенуі мүмкін. Арнайы заңға осындай өзгерту енгізу ұсынылып жатыр. Бүгін энергетика министрлігі айыппұлдың мөлшерін айтты. 500 мың теңге мен 5 миллонның арасы екен. Ал кешегі апаттың себебі әлі де зерттеледі. Комиссия құрылған. Олар он күнде нақты жауап бермек.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу