Мемлекет басшысы апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді

28.10.2023

Құтқару жұмыстары тәулік бойы жалғасады. Мемлекет басшысы апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді. Ең алдымен, құтқару жұмыстарының барысы және қазіргі ахуал туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов баяндады. Оның айтуынша апат кезінде шахтада 252 адам болған. 206 қызметкер өз бетінше көтерілді. Қазіргі уақытта апаттық-құтқару жұмыстарына 10 бөлімше, 55 тау-кен құтқарушы және 12 техника жұмылдырылды. Жұмыстар екі өндіру учаскесі аумағында жүргізілуде. Жаңа өрт ошақтары байқалмайды. Мемлекет басшысы іздестіру-құтқару жұмыстарын барлық қажетті күшті тарта отырып, күшейтілген режимде жалғастыруды тапсырды. Жаңа ғана азаматтар әр 10-15 минут сайын ақпарат беріп тұру мәселесін көтерді. Мүмкіндігінше қамтамасыз ету керек. Халықпен қарым-қатынас жасайтын бір өкіл болсын. Жұртшылықты ақпаратсыз қалдыруға болмайды. Бұл – өте шетін әрі мүлдем жол беруге болмайтын мәселе. Біз күн-түн демей, соңына дейін күресуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Хабарламаларға жазылу